Үкімет Starlink интернет байланысына қанша қаражат жұмсайды? Министр жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан үкіметінің Starlink интернет байланынысына қанша ақша жұмсайтыны туралы айтты.

«Сіз интернет байланысының құны туралы айтқанда, бірінші кезекте мектептердің қазіргі уақытта секундына 4 МБ интернетке қанша қаражат жұмсайтынын сұрағаныңыз жөн. Қазіргі мектептер жұмсап жүрген қаражат шығындары Starlink-тің техникалық қызметіне және осы қызметті мектеп оқушыларына жеткізуге жұмсайтын сомаға тең. Біз мұнда 100-ден аспайтын оқушысы бар шағын мектептер туралы айтып отырмыз», деді ол.

Министрлік басшысы бұл интернет байланысының ауыл мектептеріндегі интернет байланысына қатысты проблемаларды шешуге қаншалықты көмектесе алатынына қатысты да өз ойын білдіріп, Starlink -тің ауыл мектептеріндегі кедергілерді толықтай шешуге көмектесетініне толық сенетінін айтты.

«Бұл шынымен көмектеседі. Біз 10 мектепті қаржыландырдық және мұғалімдер де, оқушылар да бұл жаңашылдықты құптады. Бұл байланыс қазірдің өзінде сынақтан сәтті өтті және біз бұл тәжірибені Қазақстан бойынша таратуды жалғастырамыз», деп жауап берді.

Ал нақты қанша қаражат жұмсалатынын, келіссөздер жүргізіліп жатқаны себепті нақты айта алмайтынын, ол үшін әлі ерте екенін айтты.

«Біз корпоративтік келісім-шартқа отырамыз. Қазір шарттар пысықталуда және қол қоюды аяқтауға екі апта уақыт алдық. Осыдан кейін ғана мен бұл жобаға қанша қаражат жұмсалатынын егжей-тегжейлі ашып айтып беремін. Бұл мемлекеттің ақшасы, сондықтан біз халыққа осы қызметтердің құны туралы барлық ақпаратты міндетті түрде ашып айтатын боламыз», деді ол.

Министр қазіргі жүргізіліп жатқан келіссөздерге сәйкес интернет байланысының әр нүктесіне 200 доллар көлемінде қаражат жұмсау көзделіп отырғанын айтты. Ол бұл сомаға құрылғы құны мен орнату және техникалық қолдау көрсету қызметі кірмейтінін айтты.

«Қазіргі интернет үшін, яғни секундына 4 МБ құрайтын интернет байланысы осы сомадағы қаражат, тіпті кей тұста одан да көп қаражат жұмсаймыз. Жалпы алғанда бүгінгі таңда мектептерге спутниктік интернетті жеткізу үшін біз, әкімдіктеріміз бен білім бөліміне бір жарым-үш миллион теңгеге жуық қаражат жұмсаймыз», деді Мусин.

Ол сонымен бірге алдағы уақытта интернетпен қиындықтар болмайтынын, қазіргі үзілістердің 5G технологиясына ауысуына байланысты туындап жатқанын айтты.

«Дәл қазіргі таңда жаппай 5G технологиясын орнату үрдісі жүріп жатыр. Осыған орай кейбір базалық станциялар істен шығарылып, енді бірі қайта іске қосылып жатыр. Мұндай үрдістер кезінде түрлі пробелмалардлың туындауы қалыпты жағдай. Біз бұл жағдай үшін, әрине, тұтынушылардан кешірім сұраймыз. Мобильді байланыс операторлары бұл жұмыстардың жыл соңына дейін аяқталатынын айтып отыр», деді министрлік басшысы.

Еске сала кетсек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 12 қазан күні Илон Масктің SpaceX компаниясы Қазақстанның екі мыңға жуық ауылының мектептерін интернетпен қамтамасыз ететінін айтты. Ол еліміздің операторлары ауылға интернет жеткізуге келіспеген соң, амалсыздан SpaceX-ке жүгінгенін мәлімдеді.

«Біз осы уақытқа дейін байланыс операторларының ауылдарға жетуін күттік. Біз оларды олай да, бұлай да үгіттедік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Ақырында SpaceX-ке жүгінуге тура келді. Бүгін біз Лоренмен (SpaceX-тің вице-президенті Лорен Дрейер) бірге президентке жағдайды баяндадық. Солайша интернетпен нақты проблема болған шалғай ауылдарға, спутниктік антенналар арқылы секундына 4 мегабит интернет алып жүрген екі мың мектептің қажеттілігін Starlink-пен бірге жарты жылда жабамыз деп жоспарлап отырмыз», деді Мусин Астанада өткен Digital Bridge 2023 форумында.

Сондай-ақ оқыңыз