Әділет министрі Азамат Есқараев АХАЖ-ға тіркелмей тұрып, некесін мешітте қидыруға қатысты ойын айтты. Оның пікірінше, «адам АХАЖ-ға барғысы, некесін тіркегісі келмесе, ол бірдеңеден қорқады немесе жасырғаны бар».
Министр Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, сол себепті азаматтар заң талаптарын сақтауы қажет екеніне назар аударды.
«Некеге тұру үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға жүгіну қажет. Бұл некеге тұрған әйелдердің құқықтары белгіленген тәртіппен қорғалуы үшін жасалады. Егер адам некесін тіркемесе, қандай да сұрақ пен тәуекелдер пайда болады. Қыздар өздерінің құқығы қорғалғанын сезінуі үшін қарым-қатынасын жарғылық түрде тіркеуі керек», – деді министр.
Азамат Есқараевтың айтуынша, заңды түрде некесін қидырғысы келмейтін адамға қатысты түрлі сұрақ туындайды.
«Қыздар 18 жасқа толған соң саналы түрде тұрмысқа шығады. Сондықтан олар екінші адамның неге некесін заңды түрде қидырғысы келмейтінін анықтап алуы керек. Адам АХАЖ-ға барғысы, некесін тіркегісі келмесе, ол бірдеңеден қорқады немесе жасырғаны бар», – деді министр.
Министр бірінші заңды некеге тұрып, кейін мешітке баруға болатынын айтты.
«Менің білуімше, осындай талап бар. Мысалы, мешітке неке қиюға барғанда біздің мемлекеттік орган берген неке қию туралы куәлігін сұрайды. Негізінен мешіттер осы құжатты талап етуі керек. Заңды неке қиылғаннан кейін мешітке бару қажет», – деді Азамат Есқараев