«ҚазАвтоЖол» 70 мың автожүргізушіге 38 млн теңге қайтаратын болды

Жарияланды
Фото: primeminister.kz және qaj.kz

«ҚазАвтоЖол» 70 мың автожүргізушіге 38 млн теңге төлемін кері қайтарып жатыр. Бұл жайлы Көлік прокуратурасы хабарлады.

Қарағанды көлік прокуратурасы ақылы автомобиль жолдарымен жүру негіздері туралы жария шартта автокөлік жүргізушілерінің құқықтарына қайшы келетін талапты анықтаған. «ҚазАвтоЖол» тіркеу нөмірін ауыстырған жүргізушілердің есебіндегі қаражатты қайтармаған.

«Жедел жол қызметтерін тұтынушылар көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін ауыстырған жағдайда пайдаланылмаған төлемдерді қайтара алатын тармақ болмаған. Бүгінгі таңда, тиісті түзетулер енгізіліп, ақпарат беру мақсатында «Қазавтожол» АҚ-ның ресми сайттарында орналастырылды», делінген прокуратура хабарламасында.

Жалпы, прокуратура талдау барысында Қарағанды облысы бойынша 69 мың автокөлік жүргізушісіне 38 млн теңгеден астам сомаға аванстық төлемдер қайтарылмағаны белгілі болған.  

Прокуратураның араласуынан кейін ғана тұтынушылардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары басталған.

Сондай-ақ, Ұлттық оператор өз мүддесі үшін дұрыс жұмыс жүргізбген болып шықты. «ҚазАвтоЖол» қызметін тұтынатын 138 мың адам 3 жыл ішінде жалпы сомасы 50 млн теңге қарыз болып шыққан. Оларды қайтару мәселесіне оператор ден қоймаған.

Яғни мұндай ақылы автомобиль жолдарын пайдаланған адамдарды қарызына қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті материалдар көліктік бақылау инспекциясына жолданбаған. Сол үшін «ҚазАктоЖол» АҚ филиалының басшылары жауапқа тартылған.

«Прокуратураның актісі бойынша «Қазавтожол»АҚ филиалының басшылары жол ақысын төлемеген автокөлік жүргізушілеріне қатысты әкімшілік ықпал ету шараларын алшақтатқаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылды», делінген хабарламада.

Прокуратура мұндай тексерісті еліміздің барлық өңірлерінде жүргізе бастайды.

Ал «ҚазАвтоЖолдың» Қытай Эксимбанкіне берешегі 730 млрд теңгеден асқан. Мұндай қомақты қаржы компанияның халықаралық қаржы институттары мен банктер алдындағы жалпы берешегінің 83%-ына тең шығып отыр.

14 қыркүйекте Көлік прокуратурасы «ҚазАвтоЖолдың» Көкшетаудағы филиалы тендер өткізбестен 2,3 млрд теңгеге мәміле жасағанын анықтады.

Көкшетаудағы «ҚазАвтоЖол» филиалы Есіл өзені арқылы өтетін көпір апатты жағдайда екенін алға тартып, конкурс өткізбестен, келісімге отырған. Мәміле сомасы 2,3 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржыға мердігер республикалық «Жақсы-Есіл-Бұзұлық» тас жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа көпір салуы керек еді.

Алайда көпір миллиардтаған теңгеге жөндеу жүргізетіндей апатты жағдайда емес. Сонымен қатар филиалдың тендер өткізбестен келісімге отырардай және филиалдың тендерге кедергі келтіретін басқа себебі жоқ екені белгілі болды.

«Қазавтожол» компаниясы – жол пайдаланушыларын, жолаушыларды қауіпсіз және ыңғайлы қозғалыс мүмкіндігімен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын автомобиль жолдарының ұлттық операторы. Ол Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің меншігіне кіреді. 

Сондай-ақ оқыңыз