Жаңалықтар

Ресейлік және қытайлық компаниялар бірлесе Қазақстанда қолға алатын полипропилен өндіру жобасының құны 7,7 млрд долларға дейін өседі

Қазақстандағы полипропилен шығару жобасының құны 7,7 млрд долларға дейін өседі. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесу барысында айтты.

Сонымен қатар, әңгімелесу барысында өзара ынтымақтастық және мұнай-газ химиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев SINOPEC компаниясының полиэтилен өндірісі жобасына толыққанды серіктес ретінде қатысуы Қазақстанның аталған кәсіпорынмен орнықты ықпалдастығының айқын дәлелі екенін атап өтті. Қазақстан мұнай-газ химиясына қатысты әлемдік деңгейдегі мұндай ауқымды жобаны бұған дейін жүзеге асырмағаны хабарланды. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар.

Біз компанияның Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға, сондай-ақ еліміздің мұнай-газ саласына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Сіздің кәсіпорныңызбен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз әрі Сіздің компанияны Қазақстанның стратегиялық серіктесі деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ма Юншэн Мемлекет басшысына компанияның 2024 жылдың екінші жартысында зауыт құрылысын бастауға ниеттеніп отырғанын айтты. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында тағы бір стратегиялық жобаны жүзеге асыру – терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі кешенін салу жоспарын жеткізді.

Біз осы жобанының дамуына үлесімізді қосқымыз келеді. Бұл жобаға айрықша мән береміз, – деді Ма Юншэн.

Бұдан бөлек, кездесуде геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ аталған бағытта заманауи технологияларды қолдануға қатысты ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Еске сала кетейік, «ҚазМұнайГаз» басшысының инвестициялар мен даму жөніндегі орынбасары Дастан Абдулғафаров ресейлік «Сибур» мұнайгазхимия компаниясы мен қытайлық Sinopec Қазақстанның Silleno полиэтилен жобасынан әрқайсы 30%-дан алатынын айтқан.

Оның айтуынша «ҚазМұнайГаздың» жобадағы үлесі 40% болуы мүмкін.

«Үлес былай бөлінуі мүмкін: «ҚазМұнайГаз» – 29,9%, KMG Petrochem – 10,1% (ҚМГ еншілес компаниясы), СИБУР – 30%, Sinopec – 30%», – деді ҚМГ өкілі және «бұл әзірге жобаның мақсатты құрылымы» деп қосты, түпкілікті шешім кейінірек қабылданады.

Жобаға қытайлық Sinopec компаниясы қосылатыны туралы ресми түрде биыл мамыр айында жария етілген болатын. ҚМГ басшысы Мағзум Мырзағалиев, Sinopec компаниясының мұндай технологиялық тұрғыда күрделі мұнайхимия нысандарын жобалау, құрылысын салу және қолданудағы тәжірибесі жобаға оң әсер ететін айтқан еді. Әсіресе, Қытай аумағында дайын өнімді өткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Орайы келгенде айта кетейік, Полимерлерге деген ішкі сұраныс жылына 240 мың тоннаны құрайды. Оның 67 мың тоннасы полипропилен нарығына, 173 мың тоннасы – полиэтилен нарығына тиесілі. 2030 жылға қарай полипропилен мен полиэтиленге деген сұраныс екі есеге өсіп – жылына 400 мың тоннаны құрайды деп күтілуде.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Қытай еліндегі кездесу ҚХР басшысы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізуден басталды.