«ҚазМұнайГаз» қытайлық CITIC компаниясымен Caspi Bitum зауытындағы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға жеткізуге келісті

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
«ҚазМұнайГаз» қытайлық CITIC компаниясымен бірге битум өндіреді /caspibitum.kz и freepik

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қытайлық CITIC компаниясымен Caspi Bitum битум зауытының қуатын 1,5 есе, яғни 750 мың тоннаға дейін арттыру туралы келісімге келді. Бұл туралы ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

«Битум өндірісі жылына 500 мың тоннаны құрайды. Мемлекет басшысының Қазақстандағы битум өндірісін ұлғайту туралы тапсырмасына сәйкес, біз CITIC компаниясымен өндірісті 50 пайызға арттыру жайлы келісімге келдік. Еліміздегі битум өндірісі 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін өседі», – деді Мырзағалиев.

Бұл келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында қол қойылған. Ақорданың хабарлауынша, Президент CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдаған.

Кездесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланған.

«Биыл мамыр айында CITIC Construction компаниясы қазақстандық серіктестерімен жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойды. Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу. Маған «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.

CITIC басқарма төрағасы Чжу Хэсинь Қазақстан тарапымен өзара тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалап, «біздің қызметіміздің негізгі мақсаты – Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты нығайту» деген.

Caspi Bitum зауытының өндіріс қуатын арттыру мәселесі 2022 жылдың қыркүйегінде көтерілген. Caspi Bitum зауыты мен Атырау мұнай өңдеу зауытынан мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту мәселелеріне арналған кеңесте қуаттылықты 1,5 есеге арттыру мүмкіндігі талқыланды. Қазірдің өзінде алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мамандар жобалау жұмыстары басталған.

Ақтау битум зауыты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (50%) мен «CITIC Kazakhstan» ЖШС (50%) на тиесілі. «Caspi Bitum» ЖШС қазақ-қытай компаниясы басқаратын зауыт 2013 жылы іске қосылған.

Қытай тарапының келісімі бойынша мердігер ұйым таңдалып, жобаны қаржыландыру схемасы алдын ала анықталды.

Зауыт басшылығы жоба нақты белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырылып, 2024 жылдың соңында аяқталады деп мәлімдеді.

БҮкімет тапсырмасын орындау мақсатында кәсіпорын битумды (сұйық түрінде) сақтауға арналған резервуар паркін ұлғайтуды қарастыруда. 9 мың текше метрден 29 мың текше метрге дейін ұлғайту жобасын әзірлеуге шарт жасасты. Сондай-ақ зауыт шығаратын өнім түрлерін кеңейту үшін жылына 75 мың тонна авиакеросин өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Сондай-ақ оқыңыз