Жаңалықтар

«Бұл әрекеттер ақтауға жатпайды»: Қазақстан ХАМАС-тың Израиль бейбіт тұрғындарына шабуылына қатысты мәлімдеме жасады

Фото: shutterstock және freepik

Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

«Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кепілге алынған адамдарды алдын ала шартсыз дереу босату және гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеуін қолдаймыз», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қазақстан Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырады.

«Мұндай жағдайда халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Палестина халқының заңды құқықтарын көздейтін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын орындау өте маңызды. Зорлық-зомбылық әрекеті қайта зорлық-зомбылықты тудырады және Таяу Шығыс пен бүкіл әлем үшін сөзсіз қайғылы салдарға алып келеді», дейді СІМ.

Қазақстан Газа секторының тұрғындарын эвакуациялау үшін белгіленген мерзімдерді алып тастау және қақтығыстың кепілдеріне айналмауы тиіс бейбіт тұрғындардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен халықаралық қоғамдастықпен ниеттестік білдіреді. 

Осыған байланысты Қазақстан тараптарды әскери әрекеттерді тез арада тоқтатуын қамтамасыз етуге және «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде аймақтың барлық тұрғындары үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырады.

Айта кетейік, 7 қазанда Хамас күштері Израильге шабуыл жасап, елдің оңтүстігіне басып кірген. Израиль Газаға әуе шабуылымен жауап берді.

Осы ретте Қазақстан Израильдегі жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірген болатын.

«Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз», – деген еді СІМ өкілі Айбек Смадияров.

«Эйр Астана» Израильде жүрген қазақстандықтарды арнайы рейспен елге алып келді. 124 Қазақстан азаматы арнайы рейспен елге оралды.

Сонымен қатар СІМ Израильде жоғалып кеткен қазақстандық туралы ақпаратты жоққа шығарды.