2021 жылы жекешеленіп кеткен «Қазақстанның инвестициялық қоры» мемлекетке қайтарылды

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: shutterstock.com

«D-Personnel» ЖШС компаниясы «Қазақстанның инвестициялық қорын» толық мемлекетке сыйға тартты. Бұл жайында Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысында жазылған.

«D-Personnel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сыйға тарту шарты бойынша «Қазақстанның инвестициялық қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «ҚИҚ» АҚ) акциялар пакетін 100 (бір жүз) пайыз мөлшерде республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын», – делінген жарлықта.

Құжатта сонымен қатар «ҚИҚ» АҚ-ның мемлекеттік акциялар пакеті «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ акциялар төлеміне берілетіні жазылған.

«Қазақстанның инвестициялық қоры» 2021 жылға дейін «Бәйтерек» ҰБХ иелігінде болған. Сол жылы Түркістанда тіркелген беймәлім бір компанияға сатылып кетті. Сол кезде сарапшылар компания өз құнынан әлдеқайда арзанға сатылғанын айтқан.

«D-Personnel» ЖШС компаниясы қорды 10,6 млрд теңгеге сатып алған. 2021 жылдың 17 тамызында мемлекеттік мүліктің веб-порталында бағаны көтеру әдісі бойынша электронды аукцион өткізілді. Аукционға үш заңды тұлға қатысып, ең жоғары баға ұсынған «D-Personnel» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Ұлттық холдингтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру нәтижеcі бойынша «D-Personnel» ЖШС-нің «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ-на және оның лауазымды тұлғаларына қатысы анықталмаған.

«D-Personnel» ЖШС 2014 жылдың 3 қазанында Түркістан қаласында құрылған. Компания басшысы– Илмұрат Ахметов. Қазір Алматы қаласында тікелген. egov.kz порталында компания құрылтайшысы ретінде де осы азамат көрсетілген.

statsnet.co сайтының дерегінше, компания 2014 жылдан бері салық төлеп келеді. Қорды сатып алғанға дейін ең көп салықты 2017 жылы төлеген – 11,8 миллион теңге. 2018 жылы компания 10,7 миллион теңге, 2019 жылы 10 миллион теңге, 2020 жылы 5 миллион теңгеге жуық төлеген. 2021 жылы ЖШС салық жарнасы ретінде небәрі 470 теңге жіберген.

Бір жылда 500 мың теңгеге жетпейтін салық төлеген компания қорды 10,6 млрд теңгеге қалай сатып алғаны жұмбақ.

2022 жылы компания төлеген салық күрт өскен. statsnet.co сайтының дерегінше, былтыр компания 44 млн теңгеден аса салық төлепті. Ал биыл төлеген салығы 200 мыңға да жетпейді.

Күмәнді ЖШС сатып алған «Қазақстанның инвестициялық қоры» 2003 жылы құрылды. 2011 жылғы 10 тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің сенімгерлік басқаруына берілген. 2012 жылғы 28 желтоқсанда компанияның жаңа Даму стратегиясы қабылданып, соған сәйкес Қор стресстік активтерді қайта құрылымдау және басқару саласында кәсіби басқарушы компания болып белгіленген. 2013 жылғы 25 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қордың 100% қатысу үлесі «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-на берілген.

Қор 2021 жылы жекешелендірілгелі бері сайты да жаңармаған.


Сондай-ақ оқыңыз