Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамытпақ

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: shutterstock.com

Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамытпақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары барысында екі ел үкіметаралық келісімге келді.

Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар қозғалысын дамыту жөніндегі құжатқа Көлік министрлігі қол қойған.

«Мемлекет басшысының Қытайға іссапары барысында Көлік министрлігі тарапынан 4 құжатқа қол қойылды. Екі құжат ҚХР Көлік министрлігі және ҚХР Реформа және даму жөніндегі агенттігімен келісілді. Бұл құжаттардың мәні – Транскаспий көлік дәлізін дамыту. Яғни ол жерде контейнерлік және мультимодальды тасымалды дамытуға мән беріледі. Қол қойылған құжаттар декларативті мәндегі құжаттар емес, яғни, онда екі мемлекеттің нақты міндеттері мен жауапкершілігі жазылған. Қос құжаттың басты мақсаты – Транскаспий бағытындағы контейнерлік тасымал көлемін 5 есе арттырып, жылына 500 мың контейнерге дейін жеткізу», – деді министр.

Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз ету және мынадай бағыттар бойынша қажетті шаралар қабылдауға ниетті:

  • Транскаспий халықаралық көлік бағытының тұрақты және тиімді жұмыс істеуін жалғастыру үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту;
  • өз аумақтары шегінде транзиттік тасымалдарды жүзеге асыратын поездардың немесе көлік құралдарының өтуін жеңілдету үшін аралас тасымалдарды ұйымдастырудың оңтайлы нұсқаларын зерделеу және екі тараптың транзиттік жүк көздерін игеруі;
  • Қытайдан Еуропаға транзиттік және сыртқы сауда жүктерін халықаралық көлік бағыты бойынша және кері бағытта тарту;
  • Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы порт инфрақұрылымының жобаларын қаржыландыруға жәрдемдесу;
  • порттарда және түйісу станцияларында мультимодальды жүктерді қайта өңдеуге байланысты әкімшілік кедергілерді азайтуға жәрдемдесу;
  • логистикалық және көлікке қатысты операцияларды оңтайландыру, тасымалдау уақытын қысқарту, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру;
  • Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалданатын жүк айналымының жылдық әлеуетін болжау.

Қарабаевтың айтуынша, келісімді жүзеге асыру үшін арнайы топ құрылмақ.

Айта кетейік, Транскаспий дәлізін дамыту мақсатында Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Украина темір жол және теңіз әкімшіліктерінің қатысуымен «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» Халықаралық қауымдастығы құрылған.

Еліміздің Көлік министрлігі мен ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті қол қойған тағы бір құжат – «Аягөз-Тачэн» темір жолын салу жобасы бойынша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту жөніндегі Меморандум. Бұл меморандум аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші трансшекаралық теміржол салынбақ. Сонымен қатар, елімізде терминал құрылыс қолға алынады.

Төртінші құжат бойынша «Жібек жолы» сияқты, Қытайдан жаңа әуе бағытын дамыту мәселесі қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз