5 ай ішінде Сауд Арабиясы мұнай экспорты көлемін 2 есе төмендеткен

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Сауд Арабиясының мұнай экспортының көлемі тамыз айында соңғы 28 айдағы ең төменгі деңгейіне жетті. Бұл ел экспорт қарқынын бесінші ай қатарынан баяулатып келеді.

Бірлескен мұнай статистикасы бастамасының (JODI) деректеріне сенсек, тамыз айында корольдіктен экспортталған мұнай көлемі өткен аймен салыстырғанда 7,1 пайызға төмендеген. Көрсеткіштер шілдедегі тәулігіне 6,01 миллион баррельден 5,58 миллион баррельге дейін азайған. Сарапшылырдың айтуынша бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәуірінен бергі ең төменгі көрсеткіш.

Сауд Арабиясының мұнай өндірісіне келер болсақ, тамыз айында мұнай көлемі шілде айымен салыстырғанда тәулігіне 95 мың баррельге төмендеп, тәулігіне 8,92 миллион баррельге жеткен. Коммерциялық қорлар 4,16 миллион баррельге өсіп, жалпы 150,89 миллион баррельді құраған.

Сауд Арабиясының мұнай өңдеу зауыттары тамыз айында тәулігіне 2,53 миллион баррель мұнай өңдеген. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 2900 баррельге аз. Энергия өндіруге арналған мұнайды пайдалану тәулігіне 134 000 баррельге өсіп, тәулігіне 726 000 баррельге жеткен. Ал мұнай өнімдерінің экспорты керісінше өскен. Тамызда мұнай өнімдерінің экспорты тәулігіне 182 мың баррельге өсіп, тәулігіне 1,33 миллион баррельге дейін жетті.

Сонымен қатар, Сауд Арабиясы қараша айында араб жеңіл мұнайының бағасын азиялық сатып алушылар үшін ресми түрде көтерді. Араб жеңіл мұнайының бағасы бесінші ай қатарынан өсіп келеді.

Жалпы Сауд Арабиясының мұнай өндірісін қысқартуы мұнай бағасына айтарлықтай әсер етіп, мұнай құнының артуына себеп болды. 5 маусымда әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы Сауд Арабиясы мұнай өндірісін қысқартқанын жариялағаннан кейін бірнеше сағаттан соң, мұнай бағасы 2%-ға көтерілген.

4 маусымға дейін Сауд Арабиясы тәулігіне 10 миллион баррельге жуық мұнай өндіріп келді. Ал шілдеде бұл көлем 9 миллион баррельге дейін төмендейді. Сауд Арабиясының бұл ұйғарымы соңғы жылдары қабылданған ең маңызды шешім, әрі мұнай бағасына айтарлықтай өз әсерін тигізеді деп болжаған сарапшылар.

Венадағы соңғы кездесудің қорытындысы бойынша ОПЕК+ елдері мұнай өндірудің жалпы деңгейін 2024 жылдан бастап тәулігіне 40,46 миллион баррельге дейін түзетуге келісті.

Қазақстан да мұнай өндіруді қысқартуға келісті. Еліміз 2024 жылға дейін мұнай өндірісі көлемін азайтуды жоспарлап отыр. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспасөз орталығы хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз