Соңғы үш айда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 27 мың адам жауапқа тартылған

Жарияланды
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80%-ы мас күйінде жасалады / Коллаж: kursiv.media

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80%-ы мас күйінде жасалады. Бұл жайлы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.

19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер заңды күшіне енді. Содан бері елімізде тұрмыстық жаңжал шығарушыларға қатысты 51 мың әкімшілік хаттамалар жасақталған.

«Заңнама нәтиже беріп, соңғы үш айда жазаға тартылған тұрмыстық жаңжалқойлардың саны 6,4 мыңнан 27 мыңға дейін 4 есе өсті. Егер ағымдағы жылдың екінші тоқсанында осындай 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамды құрады. Тиісінше, қамауға алынғандар саны 2 есе өсті», деді министрлік өкілі.

Лепеха тұрмыстық қылмысты алғаш рет жасағандардың 5, 10, 15 тәулікке, ал қайталанған жағдайда – 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынатынын айтты. Бұрын мұндай құқық бұзушылықтар үшін көбінесе 1-ден 3 күнге дейін ғана қамау жазасы берілетін. Сонымен бірге татуласу рәсімі күшейтілгенін атап өтті. Қазіргі заңнамаға сәйкес ерлі-зайыптылар тек бір рет татуласа алады, қайталанған жағдайда олар сотта ғана татуласа алады.

«Сот шешімі бойынша 13 мыңнан астам адам қамауға алынып, 11 мыңына ерекше талаптар белгіленді. Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін 68 мың қорғау нұсқамасы шығарылды. Барлық аталған адамдар профилактикалық есепке қойылады және оларға полицияның күшейтілген бақылауы жүзеге асырылады. Нәтижесінде шектеулерді бұзғаны үшін 8 мың есептегі адам жауапқа тартылды. Тұрмыстық қылмыстардың көпшілігі – шамамен 80% мас күйінде жасалатынын атап өткен жөн. Сол себепті, бүгінгі таңда мас күйіндегі тұрмыстық жаңжалқойларды оқшаулау мәселесі маңызды», деді.

Ол еліміз бойынша 880 төсек-орын және 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейтінін айтты. Бірақ министрлік өкілінің айтуынша бұл өте азы. мұның өзі өте аз екенін айтты.

«Тұрмыстық-зорлық зомбылықтың алдын алу мәселесі мемлекет назарында, сонда қоғам трапынан кешенді тәсілдерді талап етеді. Биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Тамыз айынан бастап өңірлерде тиісті жол картасы іске асырылып келеді. Жалпы қазірдің өзінде отбасылық тұрмыстық құқық бұзушылық жағдайлары төмендегені байқалады.Дегенмен бұл мәселед жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша полицияға 74 мыңнан астам өтініш кеп түскен.», деді Әлихан Смайылов.

Ол елімізде арнайы орталықтардың аз екені, соған орай алдағы үш жылда қосымша 97 орталық ашылатынын айтты.

Сонымен қатар Үкімет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейтінін айтты. Бұл ретте ол «Жедел желі» мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту қажеттігін атап өтті.

«Жалпы отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді баланың бойына жастайынан қалыптастырудың маңызы зор. Біздің қоғам отбасылық агрессорларға және осыған ұқсас фактілердің кез келген түріне мүлдем төзбеушілік танытуы тиіс. Зардап шеккендерді, әсіресе балаларды мұндай проблемамен бетпе-бет қалдыруға болмайды», — деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, көктемде ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату үшін арнайы заңнамалық өзгерістер әзірледі. Заңанамдағы өзгерістерге сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді. 

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз