Halyk Finance Қазақстанның ЖІӨ-сіне қатысты болжамын 4,8 пайыз деңгейінде сақтайды

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Жыл басынан бері еліміздегі экономикалық өсім баяулағанына қарамастан, Halyk Finance сарапшылары Қазақстанның ЖІӨ өсіміне қатысты болжамын 4,8 пайыз деңгейінде сақтап отыр.

«Кейінгі 9 айдағы экономикалық өсімнің баяулауына қарамастан, біз Қазақстан ЖІӨ-сінің биылғы өсіміне қатысты болжамымызды жылдық 4,8% деңгейінде сақтап отырмыз. Экономикалық өсімнің негізгі құрамдас бөліктері тұрақты оң әсерін сақтайды. Мұнай бағасы өсіп жатыр, ал мұнай өндіру одан әрі артуы мүмкін. Бюджеттік ынталандыру ішкі сұранысқа айтарлықтай қолдау көрсетіп, теңгенің әлсіреуі экспорттаушылар мен бюджет кірісінің өсуіне ықпал етті. Экономикаға инфляциялық қысым әлсіреп, инвестиция мен тұтынудың артуына жағдай жасап жатыр», – деп жазады сарапшылар.

Сарапшылар шикізат секторындағы қордаланған мәселелер экономиканың қарқын алуына кедергі болып отыр деп тұжырымдвйды.

«Биыл астық жиын-теріміндегі қиындық салдарынан ауыл шаруашылығы өндірісінің төмендеуі экономикалық өсімнің аздап баяулауына әкеп соқты. Еліміздің шикізат сегменті – энергетика секторынан аграрлық секторға дейінгі саладағы проблемалар биыл бірінші жартыжылдығындағы жылдық мәндегі 5%-дан 9 айда 4,7%-ға дейін экономикалық динамика айтарлықтай әлсіреді», – делінген шолуда.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,7 пайызға дейін баяулағанын мәлімдеген еді.

«Биыл қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,7 пайызды құрады, оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,7 пайызды, қызмет көрсету саласында – 5,1 пайызды құрады», – деді ол үкімет отырысында.

Ал Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9% өскенін айтқан еді.  2022 жылы қалыптасқан сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, экономикамының нақты өсуі 3,2% болған.  

Тамыз айының соңында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Онда ЖІӨ орташа жылдық өсімін 5,8% құрайды делінген. 2024 жылы экономика 5,3%-ға, ал 2028 жылға қарай қарқын 6%-ға дейін өседі деген болжам бар. Өнеркәсіп саласындағы орташа жылдық өсу қарқыны 4 пайызды құрайды.

Үкіметтің мамыр айындағы әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ЖІӨ өсімі биыл 4%-, 2024 жылы – 5%, 2028 жылы – 6% деңгейінде болады деліген. Өз кезегінде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сауалнама жүргізген қаржы нарығының қатысушылары 2024 жылы ЖІӨ 3,9%-ға өседі деген пікір білдірген.  

2028 жылға қарай ЖІӨ 6% өсіп, инфляция біршама төмендеуі мүмкін.

Сарапшылар 2024 жылы Қазақстандағы инфляция төмендейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз