Қайрат Боранбаевтың Алматыдағы сауда және бизнес орталықтары мемлекет меншігіне өтті

Жарияланды
Шығарушы редактор

Коллаж: kursiv.media

Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өтті. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.

ҚМА-ның хабарлауынша, мемлекет меншігіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өткен.

«Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС. «Алматы Тауэрс» бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Сондай-ақ, «Fitnation» фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан», -делінген хабарламада.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл нысандар сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдаланылады.

Бұған дейін Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі Comfort Hotel Astana кешені мемлекетке өтетіні хабарланған. Сонымен қатар ол шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүліктерге «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заң аясында құрылған компания басшылық ететінін айтқан.

Сонымен қатар, ҚМА Боранбаевтың құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.

Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Содан кейін қазақстандық кәсіпкер тергеумен процессуалдық келісімге келуге өтінішхат жолдады. 

Қайрат Боранбаевтың өзі жақында Ақмола облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырылған.

Прокуратура Қайрат Боранбаевпен байланысы бар «Phystech II» АҚ қызметін тесеріп, мұнай компаниясы мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамағанын анықтаған. Кәсіпорын мемлекетке келтірген  1,2 млрд теңге  залалды өтеп, 70 млн теңге айыппұл төлеген.  

Сондай-ақ оқыңыз