Жаңалықтар

Қазақстанда салықтар мен төлемдердің санын 20%-ға қысқарту көзделіп отыр – Ұлттық экономика министрі

Әлібек Қуантыров салыққа қатысты сұрақтарға жауап берді / коллаж kursiv.media

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда салықтар мен төлемдердің санын 20%-ға қысқарту көзделіп отырғанын мәлімдеді.

«Біздің алдымызда салықтар мен төлемдерді 20%-ға азайту міндеті тұр. Төлемдер бұл бір нәрсе үшін, мысалы сотқа талап-арыз бергені үшін алынатын мемлекеттік комиссия. Экологиялық төлем дегенде бар», деді Ә. Қуантыров журналистермен жүздескенде

Үкімет мүшесі салықтың қанша түрі қысқартылуы мүмкін екеніне де тоқталды.

«Бізде салықтың 11 түрі бар, оның 20%-ы, шамамен екі-үшеуі. Бірақ салықтың санына қатысты мәселе бар. Жаңа салық кодексі аясында кейбір төлемдерді біріктіріп жатырмыз және есеп беру көлемін 30%-ға қысқарту мақсаты тұр. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл өте маңызды. Өйткені кейде есеп беру кәсіпкердің жұмысын қиындатады», деді Ә. Қуантыров.

Министр есеп берудің қандай түрлеріне қатысты шешім қабылданғанын жариялады.
«Кәсіпкерлік субъектілері көлік салығы бойынша есеп бермей, шағын бизнес субъектілері салық есептілігін қазіргідей тоқсан сайын емес, жылына бір рет тапсыратын шешім қабылданды», деді ол.

Салық жүктемесінің жүгін кім көтереді деген сұраққа Ә.Қуантыров: «Түсім көбейіп, салық төлемдерінің түрі азаяды. Қазір қаржы секторына қосымша ауыртпалық түседі. Себебі олар көрген пайданың бір бөлігін, оның ішінде банктердің артық табысын сән-салтанат салығын енгізу арқылы қайтарып алу қажет», деп жауап берді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның инвестициялық қоры не себепті мемлекетке қайтарылғанын түсіндірді.

«Қателеспесем, сату кезінде құны төмен бағаланған болуы мүмкін», деді министр тілшілерге.

БАҚ өкілдері Ә. Қуантыровтан қордың шотындағы 30 млрд теңгенің тағдырына қатысты сұрақ қойды.

«Мен шотта не бар екенін білмеймін, бірақ инвестициялық қор қайтарылады. Қаржы игерілмеген болса, қаржылық есептілікті қайта қарау қажет. Ақшаны жұмсауға бола ма, білмеймін, ол жекеменшікке берілген. Қайта бөлу болуы керек, біз олардың қанша төлегенін және нақты құны қандай болғанын қарауымыз керек», деді министр.

Ә. Қуантыров азаматтардың табысының өспеуіне сыртқы факторлар тікелей әсер етіп жатыр деген ойын ортаға салды.

«Коронавирустан кейінгі жағдайды, былтыр континентімізде басталған соғысты, геосаяси қақтығыстың ушыққанын көріп отырсыздар. Осылар экономикалық өсімге, оның ішінде Қазақстанға да теріс әсерін тигізеді. Қазақстан теңізге шыға алмайтын мемлекет. Мұндай катаклизмдер барда бізге сауда жасау қиын. Сондықтан Қазақстан экспортты әртараптандырудың жолын іздейді. Біз саяси, экономикалық реформалармен, оның ішінде жаңа Салық кодексі аясында жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойымша, мұнда тек негатив көрсетудің қажеті жоқ. Ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Оның байқалмауы мүмкін», деді министр.