«Ұлттық қор – балаларға»: 18 жасқа толмай дүниеден озған баланың жинағын кім алады?

Жарияланды
Фото: shutterstock және freepik


Мәжіліс кулуарында журналистер Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан 18 жасқа толмай бұ дүниеден өтіп кеткен балалардың жинағына кім ие болатынын сұрады.

Қуантыров тұжырымдама әзірленген кезде дүниеден озған баланың жинағын Ұлттық қорға қайтару туралы норма болғанын, кейін ол алынып тасталғанын мәлімдеді.

«Біз Ұлттық қордың табысынан аударылған ақша ата-анасында қалады немесе өзге балаларының арасында бөлінеді деп шештік», деді Ұлттық экономика министрі.

Сонымен қатар, Ә. Қуантыров балалар Ұлттық қорда жинақталған қаржыны 18 жасқа толғаннан кейін қалай пайлана алатынын айтты.

«Бала ақшаны кәмелеттік жасқа толғаннан кейін үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсай алады», – деді министр.

2022 жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынған.

Биыл 29 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев  Ұлттық қордағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдан бастап жүзеге асады.

Соған сәйкес, Ұлттық қор инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді.

Құжат Мәжілісте қаралған кезде депутат Үнзила Шапақ Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінетінін айтты. Сонымен бірге инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау үшін оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде 2,6% мөлшерінде айқындау жоспарланып отырғанын да мәлімдеген.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков бала 18 жасқа толған кезде шоттан қаражат АҚШ долларымен төленетінін мәлімдеді.

«Инвестициялық табыстың мөлшерлемесін алдыңғы кезеңдердегі орташа жылдық мән негізінде айқындау жоспарланып отыр. Болжам бойынша мұндай тәсіл осы бағдарламаға туғаннан бастап қатысатын балаға жыл сайын 150-160 АҚШ доллар көлемінде 18 төлем алуға мүмкіндік береді», – деді Дәурен Темірбеков.

Сондай-ақ оқыңыз