Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арнайы мақсаттағы «А» қызметі 8-19 қазанда Астанада террористерді жою бойынша оқу-жаттығу өткізеді.
Астана қаласының өндірістік аймағында өтетін «Күз-2023» тактикалық жаттығуы барысында кепілге алынған кісілерді босату мен террористерді жою бойынша кешенді жаттығу әрекеттерін орындау жоспарланған.
«Сондай-ақ, оқу-жаттығу шеңберінде өзге аумақтардын терроризмге қарсы операциясының шартты ауданына ҰҚК арнайы мақсаттағы бөлімшелерін жөнелту бойынша шаралар қарастырылған», делінген хабарламада.
28 тамыз күні Президент қабылдауында болған ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаев Қазақстан аумағында террористік актілердің алдын алу туралы баяндаған болатын.
Террористік қылмыстар бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, 3 экстремист сотталғанын айтқан еді. Сонымен қатар, терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру мақсатында ҰҚК Терроризмге қарсы орталығы 103 оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырғаны Президентке баяндалған еді.