ҚазМұнайГаз және CNCEC Атырау МӨЗ-дегі газ турбиналы электр станциясының құрылысын талқылады. Бұл туралы ҚМГ баспасөз қызметі хабарлады. Осы мақсатта ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев CNCEC компаниясының өңірлік директоры Чжиюань Лумен кездесті.
«CNCEC серіктестерімізбен ГТЭС жобасын іске асыру, соның ішінде кешенді жобалау, салу және қаржыландыру кезеңдері бойынша ортақ келісімге келдік. Артылған электр энергиясы Атырау халқының қажетіне берілетінін атап өткен жөн», — деді М.Мырзағалиев.
Компания баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ГТЭС құрылысының басты мақсаты – зауыттың жаңа бөлігін тұрақты түрде сыртқы электр қуатымен қамтамасыз ету, кәсіпорындағы жабдықтар жұмысының тоқтауын барынша азайту және штаттан тыс жағдайлар кезінде газды мәжбүрлі түрде факелді қондырғыларға жіберу қаупін төмендету.
ГТЭС қуаты 154 мВт*сағ. құрайтын болады. Биыл жыл соңына қарай жобаны іске асыру үшін серіктесті анықтау, сондай-ақ әлеуетті инвестормен келісімге қол қою жоспарланып отыр.
Чжиюань Лу өз кезегінде CNCEC компаниясы жобаға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Айтуынша, қазіргі уақытта қазақстандық тараппен жобаны өзара тиімді жүзеге асырудың оңтайлы жолдарын талқыланып жатыр.
Бұдан бұрын CNCEC Атыраудағы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) зауытын салу кезінде EPC мердігері болған.
«ҚазМұнайГаз» қытайлық CITIC компаниясымен Caspi Bitum зауытындағы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға жеткізуге келіскенін жазған едік.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) және China National Offshore Oil Corporation (СNOOC) Өзара түсіністік туралы меморандум қабылдағанын хабарлаған болатынбыз.