Көлік салығы өзгермейді – Ұлттық экономика министрі

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстанда көлік салығы бензин акцизінің құнына өзгертілмейді. Бұл жайлы Мәжіліс алаңында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Болды, көлік салығы енді талқыланбайды, сол күйі қалады», – деді Қуантыров.

Бұған дейін Қазақстан билігі көлік салығын 2025 жылдан бастап бензин акцизінің құнына ауыстыру мәселесін қарастыра бастаған. Сонымен бірге 2025 жылы Еуразиялық эконмикалық одақ кеңістігіндегі жалпы мұнай өнімдері нарығына көшуіне байланысты бензин құны да көтерілуі тиіс еді.

Мұндай өзгеріс нәтижесінде, шағын автокөлік иелерінің қаржылық жүктемесі азайтылып, қозғалтқышының көлемі 3,5-4 литрге дейін жететін автокөліктерге салынатын көлік салығын алып тастау жоспарланған. Алайда бұл салық түрі қозғалтқыш көлемі жоғары автокөліктер үшін сақталып қалатын еді. Бірақ үкімет мұндай өзгерістен бас тартқан.

Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин көлік салығынан жыл сайын 80 миллиард теңге қаражат түсетінін мәлімдеді. Ол қазіргі алынатын салық көлемі шығуы үшін қазіргі бензин бағасын 14 теңгеге өсіру қажет болатынын айтқан еді.

«Егер екеуін салыстыратын болсақ, жалпы көлік салығын бензин бағасына ауыстыру керек, онда бұл салықты бензин арқылы алу үшін бензинді 14 теңгеге қымбаттату керек болар еді», – деді вице-министр.

Жалпы, Республика бойынша 2023 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың көлік құралдары бойынша салық берешегі 22,4 млрд теңгені құраған. Бұл соманы 496,7 мың салық төлеуші өтемеген. Бұл соманың негізгі қарызы – 17,5 млрд теңге болса, өсімпұл – 4,9 млрд теңгені құрайды. Олардың ішінде көлік құралдары салығы бойынша салық міндеттемелерінен жалтарған автокөлік иелерінің ең көп саны Алматы облысында тіркелген. Бұл өңірде 57,7 мың адамның қарызы 3,0 млрд теңге болған. Ал Алматы қаласының 53,6 мың адамы 4,9 млрд теңге салық төлемеген. Ал Түркістан облысында – 53,6 мың адамның қарызы 1,2 млрд теңгеге жеткен. Шымкент қаласының – 39,9 мың тұрғыны 1,5 млрд теңге, Астана қаласының – 37 мың тұрғыны 2,5 млрд теңге салық өтемеген.

Сондай-ақ оқыңыз