Биыл бюджеттің салық кірістері 25,6%-ға өскен

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджетке 15 377,7 млрд теңге түскен. Экономикалық зерттеулер институтының сараптамасына сәйкес, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 981,5 млрд теңгеге немесе 14,7%-ке артық.

Мемлекеттік бюджет түсімдерінің өсуіне негізінен салық түсімдерінің оң динамикасы әсер еткен. Нәтижесінде бюджеттің салық кірістері 25,6%-ға өсіп, абсолюттік мәнде өсім 2 471,7 млрд теңгені құраған.

Салық түсімдерінің құрылымында 2023 жылдың алғашқы 8 айында ең үлкен өсімді ҚҚС (қосымша құн салығы) көрсеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ҚҚС түсімдері 1 058,1 млрд теңгеге яғни +38,8%-ға артқан.

Ал 2023 жылдың келесі 4 айында мемлекеттік бюджет 37,4%-ға немесе 9 165,8 млрд теңгеге толықтырылуы тиіс. 2022 жылы осыған ұқсас кезеңде бюджетке 5 929,2 млрд теңге жинау қажет болған. Алайда, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 20 248,1 млрд теңгені құрап, атқарылу деңгейі 103,4% болған. 

Сарапшылар теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының динамикасын ескере отырып, мемлекеттік бюджет кірістерінің орындалуы тамыз айындағы көрсеткіштерден біршама жоғары болады деп болжайды. Десе де, экономикалық іскерлік белсенділік индексі экономикалық белсенділіктің шамалы баяулауын көрсетуі мүмкін, бұл бюджетке салықтардың кейбір түрлерін алмауына әсер етуі мүмкін.

Ал 2023 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің шығыстары 17 323,9 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,7%-ке немесе 3 431,6 млрд теңгеге артық екен. Негізінен, бюджет шығыстарының өсуі мемлекеттік бюджет шығындарының 3 089,3 млрд теңгеге артуымен байланысты.

Білім беруге соңғы 8 айда мемлекет 3 506,1 млрд теңге жұмсаған, бұл ретте өсім 584,2 млрд теңгені құраған. Әлеуметтік көмек және қамсыздандыруға 3 464,9 млрд теңге жұмсалған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 523,8 млрд теңгеге артық. Халықтың денсаулығын қамтамасыз етуге 1 490,4 млрд теңге жұмсалған.

Сондай-ақ оқыңыз