NCOC Қазақстанмен арада халықаралық арбитраж арқылы шешілуі мүмкін экологиялық дау бар екенін растады
Фото: kursiv.media
Қашаған мұнай-газ кен орнының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы Қазақстанмен арада халықаралық арбитраж арқылы шешілуі мүмкін дау бар екенін растаған. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі жазады. Агенттік Қазақстан үкіметі NCOC-қа салуға ниеттеніп отырған экологиялық айыппұлды даулау үшін консорциум халықаралық арбитражға жүгінетіні рас па деп сауал жолдаған.
«Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге қатысатын мердігер компаниялар арасында (KMG Kashagan B.V. компаниясын қоспағанда) келісімнің кейбір ережелерін қолдануға қатысты бірқатар даулы мәселелер бар. Келісімге сәйкес, бұл мәселе арбитражға жүгіну арқылы шешілуі керек», – дейді NCOC агенттік сауалына берген жауабында.
Консоциум мердігер компаниялар Солтүстік Каспий теңізі бойынша өнімді бөлу туралы келісімге, Қазақстан заңнамасына және қолданыстағы стандарттар мен озық тәжірибеге сәйкес әрекет еткенін атап өткен. Сот процесінің құпия сипатына байланысты, NCOC басқа түсініктеме бермеген.
Қашаған кен орынының операторына қандай айыппұл салынбақ?
Қашаған – кейінгі онжылдықта ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның қоры 9 миллиардтан 13 миллиард баррельге дейінгі мұнайды құрайды. Қашағандағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың күзінде басталды. Жақында Премьер-министр Әлихан Смайылов Қашағандағы өндіріс көлемін 6 есе арттырып, жылына 75 млн тоннаға жеткіземіз деп мәлімдеді.
Наурыз айында Атырау облысының экология департаменті тексеріп жүргізіп, Қашаған операторы «Болашақ» зауытының қоймаларында 1 миллион тоннадан астам күкіртті шектен тыс сақтағанын хабарлады. Экологтардың айтуынша, NCOC қоршаған ортаны қорғау жоспарын толық орындамай отыр: ағынды сулар тиісті тазартусыз булану тоғанына жіберіліп, шикі газ экологиялық рұқсатсыз жағылады.
Тексеріс қорытындысы бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігі NCOC компаниясының үстінен шағым түсіріп, оған шамамен 2,3 триллион теңге көлемінде айыппұл салуды талап етті. Айыппұлдың нақты мөлшерін сот анықтауы керек еді.
Алайда Қашаған кен орнының операторы экологтардың 2,3 триллион теңге айыппұлын сот арқылы даулаған. 14 маусымда Астана қаласының Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты North Caspian Operating Company консорциумының шағымын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Сот шешімімен талап арыздың үш тармағы қанағаттандырылған. Қалған шағымдарын сот қанағаттандырудан бас тартты.
Бірақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі сот шешімімен келіспеді. Министрлік ертесі Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шағым түсіретінін хабарлады.
«NCOC шағымы ішінара қанағаттандырылды. Министрлік соттың шешіміне жоғары тұрған органға шағым жасайды», -деген еді баспасөз қызметі.
Жақында Bloomberg агенттігі Қашаған жобасына инвестиция құйып жатқан ірі мұнай компаниялары Қазақстан үкіметі салмақшы болған айыппұлға қатысты халықаралық арбитражға жүгінуі мүмкін екенін жазған.
Бүл ретте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қашаған кен орнының операторына 5,1 млрд доллар айыппұл салу мәселесін сотты айналып өтіп шешуді көздеп отырған жоқ.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев North Caspian Operating Companу консорциумы Қазақстанның экологиялық талаптары бойынша халықаралық арбитражға жүгінбеді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде іс еліміздегі сот жүйесінде қаралып жатыр. Әзірге компания да, министрлік те арбитраж сотқа өтініш бермегенін айтты.
NCOC консорциумының акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).