Дрон мен чиптер бар: Қазақстан соғысқа қатысты 106 тауардың Ресейге экспортына шектеу қойған

Жарияланды

коллаж: kursiv.media

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін мәлімдеді. Олардың арасында дрон мен чиптер де бар.

«Жалпы, біз барлық тауарды экспортқа шығарып жатырмыз. Тек Ресейге соғысқа қатысты экспорттық тауарларды шектедік. Бұл тізімге 106 түрлі тауар енді. Біз осы бойынша экспортқа мүлдем тыйым салдық», -деді Қ. Төребаев.

Вице-министр нақты қандай тауарлардың экспортына шектеу қойылғанын айтып өтті.

«Олар соғысқа қатысты тауарлар. Осы өнімдер Ресейге шығарылмайды. Соның арасында қақтығыс кезінде қолданылатын дрондар, арнайы электроника, чиптер және басқа да құрылғылар бар», деді министрлер кабинетінің мүшесі.

Айта кетейік, Ресейдің тәуелсіз журналистері Ресейге Қазақстан арқылы тасымалданатын тауарлар тізбегін және оны кімнің, қандай көлемде тасымалдайтынын анықтаған.

«Батыстың санкцияларына қарамастан, Ресей әскерилері Украинаға қарсы пайдаланатын дрондар мен басқа да электроника түрлерін Қазақстан арқылы алып жүр»,- деп жазды «Важные истории» зертеушілері.

Басылым Ресей Украинаға басып кірген соң, Қазақстанға дрон мен микроэлектроника тауарларының тасымалы күрт артқанын анықтады.

2021 жылы Қазақстанға дрондардың аз әкелінгені сонша, олар еліміздің Ұлттық статистикалық бюросының деректеріне де кірмеген. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, импорт көлемі бірден бес миллион долларға артқан. Бұл тауарлар түгелдей Қытайдан сатып алынған. Солайша 2022 жылы Қазақстан Ресейге 1,23 миллион долларға жуық дрон экспорттаған.

Ал бұл тауарларды тасымалдайтын делдал компаниялар Қазақстанда соғыс басталғаннан кейін тіркелген әрі ресейлік азаматтарға тиесілі. Мәселен, қазақстандық «Аспан Арба» компаниясы ресейлік «Аспан механикасы» компаниясына дрондар жеткізумен айналысады. «Аспан механикасы» өз кезегінде дрондарды әскери салаға қатысы бар ұйымдарға сатады. Журналистер екі елдегі компанияның артында бір адамның тұрғанын анықтаған. Екі компанияның да иесі Илья Голберг деген азамат. «Аспан арба» 2022 жылы Ресейге 500 дрон жеткізіп берген.

2021 жылы Қазақстан 35 миллион доллар тұратын микрочиптерді (мұндай құрамдас бөліктер зымырандар мен саперлерді жабдықтау үшін пайдаланылады) импорттаған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 75 миллион долларға көтерілді.

Бұл орайда қазақстандық «Da Group 22» компаниясының орны ерекше. Ол Германиядан микрочип кіргізіп, Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіп отырған. Зерттеу деректері бойынша, 2023 жылдың қаңтарында ресейлік компания қазақстандық «Da Group 22» компаниясынан 2598 микрочип сатып алған. Дәл сол айда «Da Group 22» компаниясы «Elix-St» атты неміс компаниясынан тағы да сол мөлшерде микрочипке тапсырыс берген.

Мамыр айында Қайрат Төребаев дрондарға қатысты менде ешқандай ақпарат жоқ деп, журналистердің сауалына нақты жауап бере алмаған еді.

Екі күннен соң Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан Ресейге дрон мен чип жеткізіп отырған жоқ деп мәлімдеді.

Министр қайталама санкцияға ілінбес үшін Қазақстан тарапы мұндай тауарлардың тізімін жіті тексеретінін айтқан.

«Біздің мақсатымыз – санкцияланған тауарлардың өтуіне жол бермеу. Егер ондай тауарлар табылып жатса, әрине, қажетті шаралар қабылдаймыз», — деп мәлімдеді министр.

Ал қыркүйек айында ЕуроОдақ Қазақстанды Ресей мен Иранға дрон бөлшектерін жеткізуді тоқтатуға шақырды.

2023 жылы 28 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары кезінде Қазақстанның санкция шарттарын қатаң сақтайтынын айтты. Ел басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бергенде бұған қатысты:

Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан. Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді. Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз. Германия тарапының санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты ешқандай күмәні болмауға тиіс деп ойлаймын», – деді.

Сондай-ақ оқыңыз