Банктер мұнай-сервистік компанияларды қаржыландырудан әдейі бас тарта ма – сарапшылар жауап берді

Жарияланды

Коллаж: kursiv.media

Назар аударуды, құр назар салып өте шықпай, жанашыр ықыласпен қолдау көрсетуді талап ететін бір сала болса, ол – мұнай-сервис саласы. Қазір бұл салада қордаланған бірнеше түйткіл бар. Соның бірі – қаржыландыру жайы, екіншісі – маман тапшылығы. Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, мұнайға қызмет көрсету саласы – өте күрделі сала. Тіс шұқығышпен қамтамасыз етуден бастап қиғаштап бұрғылауға дейінгі аралықта қым-қиғаш шаруа бар.

«Мұндағы тасымалдау, бұрғылау, жобалау, құрылыс жүргізу, басқа да қаншама саланың бәрі-бәрі айырықша назарды қажет етеді. Тиісінше, әр саланың дамуына кедергісін тигізіп отырған үш-төрт мәселе бар. Соның бірі – ірі операторлардан келісімшарт алу кезіндегі банк кепілдігі. Ол операторлар бертінге дейін біздің банктерді мойындамай келді. Біз жүргізген жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары ғана ептеп мойындай бастады. Бірақ банктеріміз несие берген кезде ставканы 30 пайызға дейін көтеріп жібереді. Шетелдік компаниялар Еуропадан 3-4 пайыз төңірегінде кепілдік алып келеді. Қазір «тендерге қатысатын болса ең қымбат баға Қазақстан компанияларында» деген сөз бар. Баға неден құралады? Баға алып отырған несиеден пайда болады», дейді Рашид Жақсылықов.

Energymonitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов ірі мұнай жобаларына араласпайды, одан да мемлекеттік облигациялардан табыс тауып отыра береді деп екінші деңгейлі банктерді сынға алады.

«Қазақстан мұнайының 120 жылдығын атап өткен кезде Мемлекет басшысы тапсырма беріп, ірі отандық мұнай-сервисіне несие беру жобасын қарастырыңдар деді. Содан кейін банктермен бірге Алматыда кездестік. Сол жерде Ұлттық банк басшылығы да сөйледі. Олар банктердің несие беруіне, кепілдік ұсынуына қарсы емеспіз дейді. Мұнай сервис саласымен салыстырғанда елдегі бүкіл банктің төлеген салығы екі жарым есе аз. Қазіргі Қазақстанның мемлекеттік қарызының 60-70 пайызы шетелдік инвесторлардыкі емес, банктердің қарызы. Бізде банктер ірі бизнеске қаржы құйғаннан гөрі, Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі тарапынан кепілдік берілген, жылдық 15-17 пайыз кірісі бар мемлекеттік облигацияға ақша салғанды жөн көреді. Әрі банктер облигациядан бір тиын салық төлемейді. Яғни, өзіне тәуекел жүктемей, жеңіл жолмен ақша табады», дейді.

Energy Analytics арнасының авторы Абзал Нарымбетов банктердің бұл әрекетін мұнай саласының үнемі белгісіздік жағдайында тұруымен байланыстырады.

«Мұнай саласы өте құбылмалы. Белгісіздік өте көп болады. Әсіресе, бұл мұнай бағасына байланысты. Мұнай бағасы түскен кезде мұнай сервис бірінші болып қиындыққа ұшырайды ғой: Бұрғылау азаяды. Бұрғылау азайған соң оны қамтамасыз етіп тұрған сервистер де кете бастайды. Соңғы жылдары әлемдік мұнай бағасы 10 доллар да болды, 20 доллар да болды, 100 долларға да көтерілді. Қазір де құбылып тұр. Ал банк мұндай белгісіздіктен аяқ тартады. Пайдасы аз деп біледі. Бағаны болжайтын ұйымдар келешекте де мұнай бағасы барреліне 70-80 доллардан аса қоймайды деп отыр. Сол 70-80 доллардың өзі банктер үшін тәуекел шығар. Қазақстан мұнайының өзіндік құны – құрлықта 40-50 доллар арасында. Теңізде болса 50-ден де жоғары. Жаңаөзенде баға бұдан да жоғары. Өйткені ол жердегі адам саны ТШО-дан үш есе көп. Ондай тығыз жерде өзіндік құнның да жоғары болатыны түсінікті. Теңіз бен Қашағандағы өзіндік құн – 20 доллар. Қазір мұнай бағасы 40 долларға төмендеп кетсе де олар пайда көре береді. Ал Жаңаөзен пайда көрмейді, керісінше үлкен қиындыққа ұшырайды (шығын, жалақы төлей алмау деген сияқты – ред.) Бәлкім, сол үшін де Теңіз бен Қашағанға шетелдік банктер ақша беруге даяр болып отырады. Өйткені оларда өзіндік құн төмен және болашақта өндіретін мұнай көлемі де әзір баршылық. Жаңаөзенде жыл санап мұнай көлемі азая береді», деп түсіндіреді сарапшы.

Рашид Жақсылық біздің банктер де пайдасы мен шығынын саралауды, ұтысы мен ұтылысын салмақтауды үйреніп, батылдыққа қадам басуы керек деп есептейді.

Energymonitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов ірі ұлттық компаниялардың Ұлттық қордан ақша алғысы келетінін, бірақ оның мүмкін еместігін айтады.

«Қазақстан қазір өндіруден өңдеуге бет бұрып, мұнай газ-химиясын дамытып жатыр. «ҚазМұнайГазда» ақша жоқ. Олар газ сепарация құрылғысын салуы керек еді, ол жоба кемінде 2,5 млрд долларды қажет етеді. ҚМГ енді Ұлттық қордан 2 млрд доллар алмақшы. Бірақ Ұлттық қор оны бере алмайды. Себебі қорда кемінде ЖІӨ-нің 30 пайызы қалуы қажет. Бұл жерде «Қазақстан Даму Банкін» іске қосқан дұрыс деп ойлаймын. Шетелдегі ірі мердігер компаниялар өз еліндегі банктермен жұмыс істейді. Мысалы, Қытай, Оңтүстік Корея», дейді ол.

Рашид Жақсылық болса ол елдердегі шетелдік компанияларға мемлекет әбден жағдай жасап, аяғынан тік тұрып кеткенше қолдау көрсеткен, атақтары шыққаннан кейін оған әлемдік банктер келіп, сұраған ақшасын бере бастаған дейді. Ал біздің «ҚазМұнайГаз» да, «Қазатомпром» да банкрот болудың ар жақ – бер жағында, әрең жүр дейді сарапшы.

Абзал Нарымбетовтың пайымынша, өзімізге жаман әдет болып жабысқан «бөлген ақшаны бақыламау» үрдісінің зиянын шегіп отырмыз.

«Бізге ең бірінші кезекте бәріне бірдей ақша бөлетін, тәуелсіз банк керек секілді. Жобалық қаржыландыруда ақшаны бөлу – бірінші кезең болса, ақшаға мониторинг жасау – екінші кезең. Бізде ақшаны бөледі, жобаны іске қосады, бірақ әрі қарай жоба қалай жұмыс істеп жатыр дегенге бас ауыртпайды. Жоба өзін ақтамай жатыр ма, әлде тоқтап тұр ма, әлде көрсеткіштері керемет болып кетті ме, осыған қатысты бірде бір құжат көрмедім. Сондықтан артымызға қарап, тиімсіз жобаларды анықтайық. Сәйкесінше оларды екінші категорияға ысырып, бірінші категорияға өз кәсібіне адал қараған кәсіпорындар мен компанияларды шығарайық», дейді.

Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, мұндайда БЖЗҚ ақшасын да көмекке шақыруға болады. Бірақ тек пайдалы, рентабельді жобаларға ғана.

Рашид Жақсылықов мұнай сервисі саласында ұлттық мамандар жайының да өзекті болып тұрғанын атап өтті.

«Қазақстан азаматының ірі жобаларға қатысып, тәжірибе жинап, әлемдік деңгейге шығуы өте маңызды. Сонымен қатар бірқатар келісімшарттарда өнген өнімді бөлісу келісімшарттары аяқталып қалды. Келісім бойынша, ерте ме, кеш пе, ол жерді Қазақстан азаматы басқаруы керек», дейді маман.

Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Теңізде де, Қашағанда да мықты қазақстандық мамандар бар. Бірақ олар шетелге кетіп жатыр.

«Неліктен? Себебі ол компанияларда жалақыға қатысты тарифтік кесте бар, 10 мың, 15 мың доллардан аспауы керек деген. Біздегі тәртіп бойынша шетелдік қызметкер әуелі үш жылға келеді. Сол кезде оған «екі қазақты өсіресің» деп талап қойылуы керек. Үш жыл мерзім біткен кезде екі қазақтың біреуін өзінің орнына қалдырсын. Негізі, бұл талап бұрын бар еді. Бірақ шетелдіктер үш жыл өткеннен кейін «қазақ үйрене алмады» деп сылтау айтады. Алайда мен үш жыл ішінде жергілікті азамат өз деңгейін шетелдік әріптесімен теңестіре алмады дегенге сенбеймін», дейді.

Осы орайда Рашид Жақсылықов мынадай қызық жағдайды тарқата баяндайды.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Кореяға барған кезімде біздің 2-3 кәсіпорынның басшыларын көріп қалдым. Тендер алып жатыр, соған байланысты әр компанияға кемі жиырмашақты инженер керек екен, соны Кореядан іздеп келіпті. Бізде маман тапшылығының өте күшті проблема екенін сол кезде қатты сезіндім. 2016 жылы Лондонға барған сапарым кезімде сол кезде Қазақстанның Англиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов мырзаға осы проблеманы айттым. Ол кісі маған Англиядағы қазақтардың топ басшысының нөмірін берді. Сол айтады, қазір Англияда екі жарым мың қазақ азаматы мұнай-газ саласында жұмыс істеп жүр деп. Ірі мұнай компанияларының бас кеңселерінің біразы Англияда, Лондонда орналасқан ғой. Әлгі топ басшы қыз айтты, елдегі компаниялардың талабын және біздің дамуымызға беретін мүмкіндігін айтыңыз деді. Біздің компаниялардың талабы төрт том кітап, ал даму мүмкіндігі әппақ қағаз болды. Дегенмен түбінде сол азаматтар елге келеді, отандық мұнай саласының өркендеуіне үлес қосады деп сенемін», деп түйіндеді сарапшы өз сөзін.

Сондай-ақ оқыңыз