Жаңалықтар

Боранбаевқа тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті – ҚМА

Боранбаев «Қаражанбас Северный» кен орнын мемлекетке қайтарды / коллаж: kursiv.media

Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.

«Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті, оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма. Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық», делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. Ақпаратқа сәйкесс, бұл кәсіпорында 740 адам жұмыс істейді. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.

«Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен, оның ішінде шетелден алынған активтерді іздеу және қайтару бойынша жұмысты жалғастыруда», делінген ақпаратта.

Бұған дейін, Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.

ҚМА-ның хабарлауынша, мемлекет меншігіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өткен.

Сонымен қатар, Боранбаев шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударған болатын.

Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі қонақ үй кешені мемлекет меншігіне өткен еді. Comfort Hotel Astana деп аталатын кешеннің жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асады.

Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты Қайрат Боранбаевқа қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Содан кейін қазақстандық кәсіпкер тергеумен процессуалдық келісімге келуге өтінішхат жолдады. 

Қайрат Боранбаевтың өзі жақында Ақмола облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырылған.