Павлодар қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі 6 млрд теңгеге заңсыз шарт жасаған. Бұл жайлы Павлодар облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Павлодар облысында мемлекеттік сатып алудың бәсекеге қабілетті емес тәсілімен жеткізушілерді таңдау фактілері анықталды. «Еңбек-Өскемен» РМК филиалымен және «ҚазҚұрылысСервис» ЖШС-мен бір көзден негізсіз жасалған шарттардың жалпы сомасы 6 млрд теңгені құрады», делінген хабарламада.
Қалалық прокуратураның қадағалау актісі бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті талап арыз жұмыстарын жүргізіп, 11 негізсіз жасалған шартты анықтаған. Ал Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімдерімен ол 11 шарттың барлығы да жарамсыз деп танылған.
Сонымен қатар Павлодар қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы ӘҚБтК-нің 207-бабы, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«ҚазҚұрылысСервис» ЖШС құрылтайшысы – Нұрлан Байдуллаев. Ал «Еңбек-Өскемен» – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түзеу мекемелерінің шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын саналады.