Bereke bank Қатардан келген инвесторға сатылуы мүмкін

Жарияланды
Шығарушы редактор

Коллаж: kursiv.media

Bereke banкті Қатардан келген инвестор сатып алуы мүмкін. Қазір инвестор Bereke bank-ті бағалап жатыр, соның нәтижесінде қаржы институтының құны анықталмақ. Қаржы ұйымын «Бәйтерек» холдингі бір жыл бұрын ресейлік «Сбербанктен» сатып алған еді. Бұл жайында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта әлеуетті инвесторлар қатары анықталып жатыр. Олардың ішінде ең күрделі мәміле – «Береке банкін» сату. Инвестормен бірлесіп due diligenc жүргізіледі. Қатар инвесторы банкті бағалап жатыр, соның нәтижесінде банктің нақты құнын инвестор өзі анықтайды», – деді Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, басқа инвесторлармен де келіссөз жүргізілуде. Сонымен қатар, ол шетелдік банктердің қазақстандық нарыққа шығуына жағдай жасау үшін реттеуші банк заңнамасын қайта қарауды бастағанын айтты.

«Біз өз тарапымыздан нарықтың тартымдылығын және қаржы нарығына кірудің жеңілдігін қамтамасыз ету мақсатында қыркүйек айында банк заңнамасын қайта қарауды бастадық. Шетелдік банктердің ішкі нарыққа шығу шарттарын оңтайландыруды қалаймыз», – деді.

Айта кетейік, Bereke bank – 2022 жылдың наурызында АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы. АҚШ санкциясына ұшыраған соң, ол халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын Bereke Bank деп өзгертті.

2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Bereke bank-ті сатқан кезде мемлекет жұмсаған қаражат толық өтеледі деп сендірген.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, бұл банк 1,5 триллион теңге активімен ЕДБ арасында тоғызыншы орында тұр. 1,4 трлн теңгесі – міндеттемелер. Меншікті капитал 131,4 млрд теңгені құрайды.

Бұған дейін Bereke Bank Mastercard төлем жүйесіне қайта қосылғанын хабарлады. Одан бөлек, мобильді қосымшада доллар мен еуродағы SWIFT аударымдарын қалпына келген. Ал маусым айына валюталық операциялар қайта оралып, клиенттер шетелдік қаржы мекемелеріне төлем, валюталық ақша аударымы және айырбастау операцияларын АҚШ долларында жүзге асыру мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар Bereke Bank Visa халықаралық төлем жүйесімен жұмысын қайта бастады. Осылайша, банк клиенттері Visa және MasterCard төлем жүйелері қызметін толық пайдалана алады. 

Сондай-ақ оқыңыз