«Ұлттық қордан бөлінетін трансфертпен бірдей»: ҚҚС-ты 16 пайызға көтеру нәтижесінде бюджетке қосымша 2,4 трлн теңге түседі

Жарияланды
Шығарушы редактор

Коллаж: kursiv.media

Қосылған кұн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерудің нәтижесінде ел бюджетіне 2-2,4 трлн теңге түспек. Бұл сома – Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін кепілдендірілген трансфертт көлемімен бірдей. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ҚҚС-ты көбейту Ұлттық қордан алынатын қаржыны азайтуға ықпал етпек.

Салық қалай өспек?

Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыруды ұсынғаны белгілі. Өскен салықтан бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түспек.

«Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттердің көлемімен бірдей. Қосымша кірістер осы трансферттердің мөлшерін қысқартуға мүмкіндік береді. Тиісінше, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеді. Ал түскен қаражат әлеуметтік салаға бағытталады», -дейді министр.

Бұл ретте Әлібек Қуантыров ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі тек 121 821 (5,5%) төлеушіге қатысты болатынын атап өткен. ҚҚС мөлшерлемесі бірінші кезекте импорттық тауарларға өседі. Отандық тауар өндірушілерді ынталандыру үшін жеңілдіктер сақталады.

Министрлік ҚҚС ставкасының мөлшері мен көлеңкелі экономика деңгейі арасында тікелей байланыс жоқ деп тұжырымдайды. Кезінде ҚҚС мөлшерлемесін 20%-дан 12%-ға дейін азайту көлеңкелі экономика деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне әкелген жоқ. ҚҚС мөлшерлемесі 12% болғанына қарамастан, Қазақстанда көлеңкелі экономика деңгейі Еуропа елдеріне қарағанда жоғары (ЖІӨ-дегі деңгейі 19,8%).

Соңғы уақытта салық саясаты барлық қиыншылықтардан құтқаратын құралға айналды. Бірақ, экономикалық проблемалар жеңілдіктер мен преференциялар арқылы ғана шешілмеуі керек. Кешенді салалық шешімдер қажет. 10 кәсіпкердің 9-ы басты мәселе ретінде «ұзақ» мерзімді қаржыландыруды көтереді. Сыбайлас жемқорлық, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету, отандық тауарларды жылжыту мәселелерін шешу қажет», -делінген хабарламада.

Бұл ұсынысты ҰЭМ Жаңа Салық кодексі жобасын әзірлеу шеңберінде ұсынған. Министрліктің «Ашық НҚА» порталында жариялаған консультативтік құжатында қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру, корпоративті табыс салығының әртараптандырылған ставкасын енгізу, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу (тапқан табысына орай салық бөлінісін әділ қамтамасыз ету), арнайы салық режимін реформалау, табак өнімдеріне акциз ставкасын кезең-кезеңімен арттыру, жер және мүлік салығы мәселелері қарастырылған.

Кодекстің жаңа жобасы 2024 жылдың бірінші тоқсанында парламент талқысына ұсынылуы тиіс. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-тың минималды шегі 20 мың АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) болып бекітілген еді. Ал 2025 жылдан ҚҚС мөлшері өсуі мүмкін.

Кәсіпкерлер неге қарсы?

Бұл ретте «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы қосымша құн салығын өсіруге қарсы шығып, инфляцияның өсуіне әкеп соғады деп мәлімдеді.

Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, «Атамекен» бизнес-қоғамдастықтың басым бөлігімен бірлесіп, ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге үзілді-кесілді қарсы. Бұл шара тауарлар бағасының күрт өсуіне, инфляцияға және шағын бизнестің орта, ал орташа бизнестің іріге айналуына жол бермейді.

 «ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге болмайды. Ашық жұмыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да ашық жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал көлеңкеде жұмыс істегендер сол жерде қалып қояды. Ортада тұрғандар сұр аймақты таңдайды. Осылайша Президенттің шағын бизнестің орта бизнеске айналуына қатысты тапсырмасы орындалмай қалады», – деген еді ҰКП өкілі.

Қосылған құн салығынан бюджетке қанша қаржы түсті?

2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, мемлекеттік бюджетке 15 377,7 млрд теңге түскен. Экономикалық зерттеулер институтының сараптамасына сәйкес, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 981,5 млрд теңгеге немесе 14,7%-ке артық.

Салық түсімдерінің құрылымында 2023 жылдың алғашқы 8 айында ең үлкен өсімді ҚҚС (қосымша құн салығы) көрсеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ҚҚС түсімдері 1 058,1 млрд теңгеге яғни +38,8%-ға артқан.

Ал 2023 жылдың келесі 4 айында мемлекеттік бюджет 37,4%-ға немесе 9 165,8 млрд теңгеге толықтырылуы тиіс. 2022 жылы осыған ұқсас кезеңде бюджетке 5 929,2 млрд теңге жинау қажет болған. Алайда, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 20 248,1 млрд теңгені құрап, атқарылу деңгейі 103,4% болған. 

Жақында Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанда қаржы жеткілікті, бірақ оны кәдеге жарату моделі күмән тудырады деп мәлімдеді.

Бірақ Үкімет бюджеттің жыртығын жамау үшін Ұлттық қордан алынатын қажы көлемін азайтпай отыр. Керісінше, қордан алынатын қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. 2023 жыл басынан қорға 3,4 трлн теңге түсім түссе, соған жетеғабыл ақша алынған. ҰБ дерегі бойынша, биыл республикалық бюджетке бөлінген трансферт көлемі  3,3 трлн теңгені құраған. Оларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың валюталық активтері 6 млрд долларға сатылды.

Сондай-ақ оқыңыз