Микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі 180%-ға ұлғайып 100 млрд теңгеге жуықтады – Әбілқасымова

Жарияланды
Микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі 180%-ға ұлғайы/ shutterstock и freepik

Елімізде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллионнан астам адамды құрайды. Бұл туралы Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.
Оның сөзінше, тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы 3 жылда өсім байқалуда.

«Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты», – деді М. Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы екінші деңгейлі банктердің проблемалық қарыз деңгейі артқанын жариялады. Белгілі болғандай, бұл көрсеткіш 5,2%-ға жетіп, 0,5 трлн теңгеден асқан.

«Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе жалпы қарыз алушылар санының 7%-ын құрады», – деді М. Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы банктер кредиттерді баланстан, есептен шығарып жатқанын мәлімдеді.

«512 мың қарыз алушы бойынша, баланстан, есептен шығарылған проблемалық кредиттердің көлемі 434 млн теңгеге жетті», – деді М. Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы былтыр микроқаржы секторында тұтынушылық микрокредиттердің портфелі 46%-ға өскеніне тілге тиек ете келіп, биыл соңғы 8 айда бұл көрсеткіш 11%-ға ұлғайып, 1,1 трлн теңгеден асқанын айтты.

«Проблемалық қарыз көлемі 8,8%. 2021 жылдан бері көрсеткіш 180%-ға ұлғайып, 98 млрд теңгені құрады. Проблемалық қарыз алушылар саны 2021 жылда бастап 190 мың адамнан 347 мың адамға дейін ұлғайды», – деді М. Әбілқасымова.

Бұған дейін, ҚНРДА құмар ойындарға арналған несиелерді пайдалануды шектеуді ұсынады. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланған еді. Қаулыға сәйкес, осы тармақтың мақсаттары үшін ойын бизнесіне белсенді тартылған адамның белгілері бар қарыз алушы деп соңғы 6 айда ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына 300 000 теңгеден астам сомаға үш реттен көп төлем жасаған жеке тұлғаға несие беруге шектеу қойылады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұтынушылық несиенің шекті мөлшерлемесін ақырындап төмендету қажет деп санайды. Бұл жайлы ол Ұлттық банктің баспасөз жиынында айтқан болатын.

«Бізге шекті мөлшерлемені төмендету бойынша жұмыс істеу керек, өйткені 56% – бұл өте жоғары мөлшерлеме. Қазір бізде тұтынушылық несие нарығында бәсекелестік жоғары, банктер бір-бірімен жақсы бәсекелеседі. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдары да бар. Банктер арасындағы бәсекелестік, мөлшерлемелерді төмендетуге алып келуі тиіс. Жалпы алғанда, тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлеме ақырындап төмендеуі тиіс деп санаймын», деген еді Сүлейменов.



Сондай-ақ оқыңыз