Микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыздардың 48%-ын коллекторлық компанияларға сатып жіберген

Жарияланды
Фото: kursiv.media

1-ші қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандықтардың 18,1 трлн теңге құрайтын кредиттік портфелінің тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несиелерге тиесілі. Бұл жайлы Парламенттік тыңдау барысында Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Берік Бейсенғалиев айтты.

«Елімізде төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жеткен. Оның 63%-ы яғни 1 трлн 225 млрд теңгесі сол тұтынушылық кепілсіз несиелеуге тиесілі. Қаржылық тұрақтылық тұрғысынан қауіп алдында 1 млн 700 мың біздің отандастарымыз тұр», деді ол.

Проблемалық қарыздың негізгі көзі микроқаржы ұйымдары екенін айтады депутат. Оның айтуынша коллекторларға сатылған проблемалық қарыз көлемі 2019 жылдан бастап 28 есе өскен және қарқыны артпаса, басылған емес.

«Микроқаржы ұйымдарының проблемалық кредиттерінің өсуінің негізгі себептерін атап өтсек олар – жоғары пайыздық мөлшерлеме, борыш жүктемесі коэффициентінің талаптарын сақтамау, тәуекелдердің нашар бағалануы, либералды реттеу. Бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктердегі жеке тұлғалардың кредиттері бойынша ағымдағы пайыздық мөлшері  56%-ға дейін, ал микроқаржы ұйымдарында – 146-дан 339%-ға дейін жетеді», дейді депутат.

Ол сонымен бірге бүгінгі күні микроқаржы ұйымдарының жеңілдіктерге ие екенін, саны көп болғандықтан бақыланбайтынын айта келе, бұның бірінші кезекте – реттеушінің кемшілігі екендігін атап өтті.

Сонымен бірге портфельдегі проблемалық борыштардың үлесін азайтып, солайша реттеушінің талаптарын формальды түрде сақтау үшін микроқаржы ұйымдары коллекторлық компанияларға проблемалық қарыздардың 48%-ын сатып жіберген және олар ағымдағы есептілікте көрсетілмегені де айтылды.

Мәселен, 2022 жылғы тамыздан бастап проблемалық қарыздарды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен микроқаржы ұйымдары іс жүзінде өз несие портфелдерін «жасанды түрде» 2 есеге жақсартып алған. Ал 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы қарыз көлемі 325 млрд теңгені құрайды, ал қарыз алушылардың саны – 882 мыңды құрап отыр. Ол 882 мыңның 80%-ы немесе 702 мыңы микроқаржы ұйымдарынан сатып алынған борышкерлер қарызы екен. Осы орайда депутат коллекторлардың жұмысын реттеу үшін оларға қатысты заңнаманы күшейту керек деп санайды.

«Көптеген мемлекеттерде коллекторлық агенттіктердің құқықтары заңмен шектелген, онда қарыз алушыны кейбір шамадан тыс мазалау әрекеттеріне қатысты тыйым салынған. Бізде коллекторлардың жұмысы – борышкерге жүйелі түрде моральдық тұрғыдан қысым жасау арқылы борышын төлетуге негізделген. Борышкерлердің қарызды қайта құрылымдау құқығының болғанына қарамастан, бұл құрал іс жүзінде қолданылмайды. Біз коллекторлық агенттіктердің қызметіне қойылатын талаптарды заңнамалық деңгейде қатаңдатуымыз қажет», деп қорытындылады комитет өкілі.

Сондай-ақ оқыңыз