«ҚазМұнайГаз» шикі газ жағу көлемін 6 жылда 89%-ға қысқартқан

Жарияланды
ҚМГ 2023 жылдың 8 айында небәрі 14 млн текше метр шикі газ жаққан / Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» соңғы 6 жылда шикі газды жағу көлемін 89%-ға қысқартқан. Бұл жайлы компанияныңбаспасөз қызметі хабарлады.

2017 жылдары компания 315,8 млн текше метр шикі газды жағатын болған. Ал 6 жыл ішінде шикі газды жағу көлемі 89%-ға қысқарып, 2023 жылдың 8 айында небәрі 14 млн текше метр газ жанған. Солайша компания мұнай қалдықтарын тиімді пайдаланған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шикі газды тиімді пайдалану көрсеткіші 98,8% құраған.

2019 жылы ҚМГ компаниялар тобында шығарындыларды басқару саясаты бекітіліп, соған сәйкес ұлттық компания 2030 жылға қарай шикі газды жағу көлемін нөлге жеткізуді жоспарлап отыр.

«ҚазМұнайГаздың атмосфераға шығарындыларды азайту жөніндегі маңызды міндеттерінің бірі – шикі газды кәдеге жарату мен утилизацияны арттыру және газды факел қондырғысында жағу деңгейін төмендету», делінген баспасөз хабарламасында.

Бұлайша газды факел қондырғысында жағу көлемінің азаюына «Ембімұнайгазда» күкіртсутегіден тиімді тазалауды қамтамасыз ететін кешенді газ өңдеу қондырғысын іске қосу себеп болған. Сондай-ақ «Қазақойл Ақтөбе» компаниясына қарасты Қожасай кен орнында қуаты жылына 226 миллион текше метр газды өңдейтін заманауи газ өңдеу кешені іске қосылған. Осының барлығы болашақта компаниянық қалдықтарсыз жұмыс істеуіне және ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемін азайтуға мүмкіндік бермек.

Маусымда компания «ҚазМұнайГаз» компаниясының 2022-2031 жылдарға арналған Төмен көміртекті даму бағдарламасын таныстырды. Оған сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) 2031 жылға дейін Атырау облысындағы еншілес кәсіпорындарының қызметінде көмірқышқыл газы (СО2) шығарындысын 400 мың тоннадан астам мөлшерде қысқартады. Бұл – компанияның барлық еншілес ұйымы бойынша төмендетуге болатын көміртек оксидінің үштен бірі (37%). Барлығы он жыл ішінде ҚМГ бүкіл компаниялар тобы бойынша СО2 шығарындысын 1,6 млн тоннаға қысқартуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз