Қазақстан мектептерінде тамақтанудың жаңа моделі әзірленді. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Оған сәйкес балалардың бойы мен салмағы өлшеніп, мектеп асханасындағы мінез-құлқына зерттеу жүргізіледі. Жаңа модель бойынша Астананың алты мектебінің асханасы жұмыс істеп жатыр.
«Елімізде әзірленген жаңа модель мектепте тамақтану мәдениетін қалыптастырудың кезеңдік іс-шаралар кешенін қамтиды. Аталған модель Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп әзірленді. Бірінші кезеңде мектептегі тамақтануды ұйымдастыруды бағалау және талдау мақсатында балалардың мектеп асханасындағы мінез-құлқының үлгілерін байқап зерттеу, антропометриялық көрсеткіштерді өлшеу (бойы, салмағы) және дұрыс тамақтану қағидаттарын білуге сауалнама жүргізіледі», делінген хабарламада.
Сонымен бірге салауатты өмір салты саласындағы білім мен тәжірибені байыту үшін тамақ жеткізушілері мен мектеп персоналын, оқушыларды және олардың ата-аналарын оқыту қарастырылған. Балалардың дұрыс тамақтануына және физиологиялық қажеттіліктерін есепке алуға баса назар аударылып, оқушылардың тамақтануын реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттары үйлестіріледі.
Осылайша балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған мектепте тамақтанудың жаңа моделін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтауға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Министрлік өз кезегінде енгізілген өзгерістердің мониторингін жүргізіп, тиімділігін бағалап отырады. Бұған дейін министрлік тамақтануды ұйымдастырудың қауіпсіз жағдайларына әсер ететін критерийлерді зерттеген болатын. Соған сәйкес Ұлттық дәстүрлерге және өңірде өндірілетін отандық өнімдердің ассортиментіне сәйкес мәзір әзірленген.
Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап алғаш рет 1,6 млн. астам оқушы, оның ішінде 1,4 млн астам бастауыш сынып оқушылары және 220 мың ХӘОТ санатындағы 5-11 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған.