Қазақ мұнайы «Адриа» мұнай құбыры арқылы Балқан мен Шығыс Еуропа елдеріне тасымалдануы мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Страны, не входящие в ОПЕК, увеличат добычу нефти

Фото: kursiv.media

Қазақстан мен Хорватия қазақ мұнайын «Адриа» Хорват мұнай құбыры арқылы Балқан мен Шығыс Еуропа елдеріне жеткізуге қатысты келіссөз жүргізуге уағдаласты. Қос тарап келісімге келсе, ол қазақ мұнайы тасымалданатын тағы бір бағыт болмақ.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Jadranski naftovod (JANAF) компаниясының басқарма төрағасы Степан Аданичпен кездесіп, қазақ мұнайының тасымал мәселесін талқылаған.

Ел мұнайының 70%-ы ЕурОдаққа жіберілетінін ескере отырып, Қазақстан ЕО мен Хорватияға өз экспортын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруға дайын.

Хорватиялық JANAF компаниясы – Крк аралындағы мұнай терминалы, Риекадағы мұнай өңдеу зауыты және Хорватия аумағындағы Адриа мұнай құбырлары жүйесін басқарады. Мұнай құбырының жобалық өткізу қабілеті жылына 34 млн тоннаны құрайды, белгіленген – 20 млн тонна, оның 40%-ы Хорватияның ішкі нарығына, ал 60%-ы көрші елдерге транзитке жұмсалады. Омишал мұнай терминалынан басталатын Адриа құбырының бүкіл желісі Хорватия, Сербия және Венгрияны қамтиды, Словения мен Босния және Герцеговинаға тармақтары бар.

Тараптар қазақ мұнайын осы бағытта тасымалдау үшін келіссөз жүргізуге келісті. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері осы мақсатта Загреб пен Риека қалаларына сапарлайды.

Қазақстан мұнайы қалай тасымалданады?

Қазақ мұнайы негізінен «Каспий құбыр консорциумы», Атырау – Самара құбыры, Махачкала – Ақтау бағыттары бойынша экспорталады. Биылдан бастап Ақтау – Баку бағытындағы тасымалдау іске қосылды.

Қазақстан экспортқа шығаратын мұнайдың 80 пайызға жуығын «Каспий құбыр консорциумы» тасымалдайды. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақта өндірілген «қара алтын» құбыр арқылы Новороссийск портына жеткізіліп, сол жерден танкерлерге тиеліп, Еуропа нарығын бетке алады. Оның ұзындығы – 1511 шақырым. Ол – қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты.

Геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан былтыр мұнай тасымалдауда біраз қиындықтарға тап болды. Мәселен, 2022 жылы КҚК 58,7 миллион тонна мұнай, оның ішінде Қазақстаннан 52,2 миллион тонна шикізат айдаған. Бұл көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға қысқарған. Ал биыл Каспий құбыр консорциумы арқылы 60-61 млн тонна мұнай тасымалданады.

Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалындағы 2022 жылғы апаттан кейін, Энергетика министрлігі ел мұнайын экспорттау балама жолдарын  қарастырып жатқанын хабарлады. 

2022 жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» компаниясы Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік-ұлттық компаниясымен мұнай тасымалдау туралы келісімге қол қойған. Сол келісім негізінде Баку-Тбилиси-Джейхан құбырына жылына 1,5 млн тонна мұнай жөнелтіледі.

«Баку-Тбилиси-Жейханның» ұзындығы – 2000 шақырым. Ол үш елдің – Әзірбайжан, Грузия және Түркияның территориясынан өтеді. Бұл – ТМД бойынша Ресейді айналып өтетін және АҚШ пен Ұлыбританияның тікелей қатысуымен салынған алғашқы маршрут.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Rosneft Deutschland маусым айында Raffinerie мұнай өңдеу зауытына шикі мұнай жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Ол құжатқа сәйкес, «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қарашығанақ кен орнынан айына 100 мың тонна көлемінде мұнай тасымалданады. 2023 жылы Германияға жөнелтілетін мұнай көлемі – кемінде 890 мың тонна көлемінде бекітілген.

Мамыр айында «ҚазМұнайГаз» ҰК Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясымен (CNPC) «Кеңқияқ-Атырау» және «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырын кеңейту туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз