«Самұрық-Қазынаның» құрамындағы компаниялар қашан жекешелендіріледі?

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары шеңберінде 658 мемлекеттік меншік объектісі мен квазимемлекеттік сектор нысаны бәсеке ортаға берілмек. Соның ішінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының құрамына кіретін «ҚазМұнайГаз», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго», «QazaqGaz» және «Қазақстан Темір Жолы» жекеншелендіріледі.

ҰЭМ Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа әкімшілік реформа, сондай-ақ бәсекелестік және мемлекет иелігінен алу мәселесі талқыланған.

Былтыр «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстанның ірі компанияларын жекешелендіру мен IPO мен SPO-ға шығаруға бастамашылық ете отырып, өз үлесін қысқартатынын хабарлаған еді.

Қазіргі кезде KEGOC компаниясының 5 пайыз акциясы қайтадан нарыққа шығарылды. 16 қазаннан KEGOC SPO-сына инвесторлардан өтінім қабылдау басталды.

Үкіметтің жоспары бойынша, 2024 жылы – Air Astana, 2025 жылы – QazaqGaz бен «Қазақстан Темір Жолының» 5%-ға дейін акциялары IPO/SPO-ға шығуы тиіс.

«Эйр Астана» IPO-ға шығады деп жүргелі біраз жыл болды. 2020 жылы қор нарығына шығуы тиіс еді, кейін 2 жылға шегеріліп, сосын IPO 2023 жылы өтеді делінді. Мемлекет басшысы бұл істі 2024 жылы аяқтауды тапсырды.

Ал «Самұрық-Энерго» компаниясын екі кәсіпорынға бөлінеді. Олардың бірінде барлық көмір активтері қалады. SamrukGreenCo екінші компаниясына барлық жасыл активтер, оның ішінде СЭС және ЖЭК объектілері беріледі. Ол 2023-2024 жылдары IPO-ға шығарылады.

«Самұрық-Қазына» иелігіндегі тағы бір компания – Qazaq Air-ді де жекешелендіріп жатыр.

Компанияны сату жөніндегі ашық конкурс 18 тамызда жарияланды. Конкурстық өтінімдерді қабылдау 28 қыркүйекте аяқталуы керек еді, алайда Тәуелсіз Кеңесші ұсынысы негізінде бұл мерзім қыркүйек айының соңынан 13 қазанға, сағат 10:00-ге дейін ұзартылды. Жақында бәсекелестік ортаға беруге қатысты байқау тағы да кейінге шегерілгені хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз