Жаңалықтар

Банктерде мүгедектігі бар адамдарға арналған шақыру батырмасы пайда болады

Фото: shutterstock

ҚазСтандарт мүгедектігі бар адамдардың банктердің қаржылық қызметіне толық және кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін ұлттық стандарт әзірледі.

«Мүгедектігі бар адамдарға және халықтың басқа да жүріп-тұруы шектеулі топтарына қызмет көрсету бойынша қаржы ұйымдары бөлімшелерінің қолжетімділігіне қойылатын талаптар» деп аталатын ұлттық стандарт банк карталары мен банкоматтардың нашар көретін және зағип жандарға арналған Брайль қарпімен жабдықталуын, екінші деңгейлі банктерде ым-ишара тілін меңгерген мамандардың жұмыс істеуін, банк қызметкерлері болып табылатын сурдоаудармашылардың қатысуымен есту немесе сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды қашықтан аутентификациялауды жүзеге асыруды талап етеді.

Ұлттық стандарт ерекше қажеттілігі бар клиенттерге қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықты қамтиды. Мұнда мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас жасаудан бастап, кеңседе қаржылық қызмет ұсыну, сонымен қатар түрлі коммуникация әдістерін пайдалану мәселелері қозғалады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан екінші деңгейлі банктер қаржылық қызмет көрсету кезінде ерекше қажеттілігі бар клиенттердің құқығын аяқ асты етіп отырғанын айтып, дабыл қаққан болатын.

«Қазақстанда 700 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар. Олар еліміздің басқа азаматтары секілді банктердің пластикалық карталарын қолданады. Сол арқылы аударым, төлем жасап, жәрдемақы алады. Бірақ мүгедектігі бар адамдар үнемі банк тарапынан кемсітушілік көреді. Себебі қаржы ұйымдарының қызметін өзгелермен бірдей пайдалана алмайды», – деген еді депутат.

Оның сөзінше, банктерде пандус пен көтергіш бола бермейді, ал кассалардың терезелері тым биік орналасады. Оған мүгедектер арбасындағы адамның бойы жетпейді. Мобильді қосымшалар мен банкоматтар зағип және нашар көретін адамдарға арналған технологиямен, банк карталары брайльмен жасалған тактильді сәйкестендіру белгісімен жабдықталмайды.

«Банк қызметкерлерінің мүгедектігі бар клиенттерге қызмет көрсету дағдысы жоқ. Сурдоаудармашыларды іздесең таппайсың. Мүгедектігі бар адамдардың қаржылық қызметке қолжетімділігі басқа азаматтармен тең қамтамасыз етілуі тиіс. Басқаша жағдайда олардың құқығы шектелген болып саналады», – деді К.Сейітжан.

Ол банктердің статистикасында «Мүгедектігі бар кәсіпкер», «Мүгедектігі бар несие алушы» немесе «Мүгедектігі бар адамдардың қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігі» деген санат жоқ екеніне назар аударды.

«Кезінде «Қаржылық инклюзия» деген жобаға қолға алынды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жанынан мүгедек азаматтар үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тобы құрылды. Ол бірқатар ұсыным әзірледі, алайда отандық банктер қолдау білдіріп, көмек көрсетпеді», – деді мәжілісмен.

Ол өзі бас сұққан банктерде шақыру батырмасы жоқ екеніне шағымданған.
ҚазСтандарт әзірлеген мүгедектігі бар адамдарға арналған ұлттық стандартта банктердің кіреберісіне ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған батырма орнату талабы бар. Батырма банк қызметкерлеріне қаржылық қызмет алу үшін мүгедектігі бар адам келіп тұрғанынан хабар беру үшін қолданылады.

Стандарттау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңес осы стандартты мақұлдады. Батырманы 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізу жоспарланды