Жаңалықтар

Air Astana IPO-ға шығарылғаннан кейін де акцияларының бақылау пакеті «Самұрық-Қазына» қорының еншісінде қалады

Air Astana IPO-ға шықса да, бақылау пакеті Самұрық-Қазынада болады / shutterstock

2024 жылы «Air Astana» компаниясы көптен күткен IPO-ға шығарылады. Алайда, бұл процесстен кейін де «Самұрық-Қазына» аталған компанияның ірі акционері болып қара береді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау жөніндегі департаменттің директоры Дастан Әдиходжаев мәлім етті.

Баспасөз мәслихаты кезінде журналист мемлекеттік реестрлер сайтында Air Astana компаниясы акцияларының мемлекетке тиесілі 51%-ы 2024 жылы саудаға шығарылатыны туралы хабарлама жарық көргенін еске салып, осы сауданың мән-жайын сұрады.

«51% үлестің барлығын сатпаймыз. Компания акцияларының бақылаушы пакеті Самұрық-Қазынаның меншігінде қалады. Сөз – 5-10% үлесі туралы болып отыр. Сонымен қатар, Air Astana компаниясының өзге иелері де жаңа акцияларын саудаға шығарады деп күтіп отырмыз. Яғни, осындай комбинация болады», деп мәлімдеді Дастан Әдиходжаев.

Айтуынша, бұл KEGOC, «Қазақстан темір жолы» немесе «ҚазМұнайГаз» секілді стратегиялық нысан емес. Әуе компаниялардың акционерлері болуы – халықаралық тәжірибе деді «Самұрық-Қазына» өкілі.

Ұлттық әл-ауқат қоры меншігіндегі тағы бір әуе компания – Qazaq Air-бәсекелестік ортаға беруді жоспарлап отырғанын жазған едік. Бұл компанияның IPO-ға шығарылмауының өзіндік себебі бар, дейді Дастан Әдиходжаев.

«Компаниялардың барлығы IPO талаптарына сай бола бермейді. Өйткені оның инвестициялық тартымдылығы анық көрініп тұруы тиіс. Ал, Qazaq Air компаниясының «Самұрық-Қазына» қоры алдындағы қарызы 38 млрд теңге. Сондықтан, осы қарызды төлеуге мүмкіндігі бар инвесторды күтіп отырмыз. Дегенмен, оның кімге сатылатыны туралы шешімді тек қана Қор өкілдері емес, мемлекеттік комиссия шешеді», деді Самұрық-Қазына өкілі.

Айта кету керек, 2 қараша күні KEGOC SPO-сы аясында инвесторлардан өтінім қабылдау аяқталады. Ал, алдағы жылы «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының акциялары алғашқы жария сатылымға шығарылады. 2025 жылы сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы да IPO-ға шығарылады деп жоспарланып отыр.