Оңтүстік Кореядан келетін тікелей инвестиция көлемі 85%-ға өсіп, 1,5 млрд долларға жетті

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

Былтыр Кореядан келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 85%-ға өсіп, жаңа рекордтық – 1,5 млрд долларға жеткен. Бұл жайлы ҚР-ның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Оңтүстік Кореяның сауда министрі Ан Док Гынмен кездесуі барысында айтылды.

Екі тарап инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Премьер-Министр былтыр екі жақты тауар айналымы 2,3 есе өсіп, $6,1 млрд-тан асқанын, ал биылғы жылдың 8 айында тағы 11%-ға өскенін айтты.

Сондай-ақ үкімет басшысы Оңтүстік Корея еліміздің экономикасындағы ірі инвесторлардың топ-10-дығының қатарында тұрғанын атап өтті. Бұл елден, соңғы 18 жылда 9,2 млрд долларға жуық инвестиция тартылған. Ал былтыр Кореядан келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 85%-ға өсіп, жаңа рекордтық – 1,5 млрд долларға жеткен. Смайылов Қазақстан Үкіметі тарапынан алдағы уақытта да инвесторлардың елімізде жайлы жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын жеткізді.

«Бүгінде жалпы құны $1,5 млрд болатын 5 жоба жүзеге асыруға дайын тұр және жалпы құны шамамен $500 млн-дық тағы 25 перспективалық жоба әзірленуде. Айқын мысал ретінде, Қостанайдағы жылына 70 мың автокөлік өндіруге қуаты бар, инвестиция көлемі $190 млн жаңа ірі KIA зауытының құрылысын атауға болады»,- деді үкімет басшысы.

Қазіргі уақытта елімізде 700-ден астам кореялық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішіндегі ірі компаниялар – KIA, Hyundai, Samsung және LG сынды алпауыт компаниялар бар. Осы орайда Қазақстан Республикасының Үкіметі сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуда үлкен перспективалар көретінін атап өткен, Смайылов ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру қажеттігіне тоқталды.

«Өзара сауда номенклатурасын кеңейту үшін бірлесе іс-әрекет ету керек деп санаймын. Бұл жердегі маңызды құрал – Қазақстан-Корея сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия. Алдағы уақытта оның жұмысын жандандырып, кезекті отырысын өткізу қажет деп ойлаймын»,- деді ол.

Өз кезегінде Ан Док Гын Оңтүстік Корея Қазақстанмен экономиканың әртүрлі саласы бойынша белсенді технологиялық ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. 

«Қазақстандағы KIA зауыты сияқты жобалардың маңызы зор. Егер ол сәтті жүзеге асырылса, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үлгіге айналмақ. Бұл басқа да осындай зауыттар мен өндірістердің құрылысына ықпал етеді», – деді Оңтүстік Кореяның сауда министрі.

Сондай-ақ оқыңыз