Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді – Тоқаев

Жарияланды

Коллаж: kursiv.media

Республика күніне арналған салтанатты рәсімде президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлі туралы айтты, оның рөлін лайықты бағалауда тарихи әділдік жолын берік ұстану қажеттігін айтты.

«Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек.
Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді»
, деді президент.

Осыдан 33 жыл бұрын Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанын, бұл құжатты алуда қазақ халқының бастан талай заман кешіргенін атап өтіп, бұл күнді еліміздің басты мейрамы деп бағалады.

«Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты«, деді президент.

Ол шын мәнінде, егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпағанын айтты мемлекет басшысы. Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі болмауына байланысты сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болған және құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келген.

«Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады. Қазақта «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық», деді ол.

Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреп тұрғанын атап өткен мемлекет басшысы, көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегенделгенін, соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алғанымызды айтты.

«Мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керек. Өйткені, оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі. Сонымен бірге, әрине, қателіктер де болды. Оны ұмытпаған жөн. Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін одан қорытынды жасалуға тиіс», деді Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз