5,5 млрд теңгеден астам борышы өтелген Риддер ЖЭО-ғы өтеусіз негізде мемлекет меншігіне қайтарылды

Жарияланды
Риддер ЖЭО-сы 5,5 млрд теңге қарызын өтеді / primeminister.kz и shutterstock

ҚМА қабылданған шаралардың нәтижесінде Риддер ЖЭО-ғы бойынша 5,5 млрд теңгеден астам борыш өтелді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеуден кейін Риддер ЖЭО-ның бұрынғы меншік иелері жалақы мен салық міндеттемелерін қосқанда 5,5 миллиард теңгеден астам қарыздарын төледі», – делінген хабарламада.

Ал жылу энергия өндіру станциясы осыған дейінгі шешімге сай қарыздарынан құтылғаннан кейін өтеусіз негізде мемлекет меншігіне қайтарылды.

Агенттік мәліметінше, Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары жөндеу жұмыстарына арналған қаражатты ұрлаған, нәтижесінде қала тұрғындары жылу энергиясын беру кезінде станция бірнеше рет істен шыққан. Жылу электр орталығының бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке аса ірі мөлшерде, 4,1 млрд теңге сомасында залал келтірді деген күдікпен, алаяқтық фактісі бойынша тергеу басталған.

Риддердегі станцияға қатысты мәселе былтырдан бері талқылауға түскен. Былтыр қазан айының басында станцияда бірнеше апат болып, салдарынан қала тұрғындарын жылумен және электрмен қамтамасыз ету дұрыс жүргізілмеді. Оған себеп, ЖЭО-ның бұрынғы иелері оны жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция салмаған, станцияның техникалық жай-күйі әбден тозған.

ЖЭО-ның алдыңғы басшылары қарыз өтемегендіктен, оның келесі иесі, Алматы мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиев станцияның 5,5 млрд теңге қарызын өтеуге және оны коммуналдық меншікке беруге келіскен. Ал ЖЭО жөндеу жұмыстарына Тексеру жұмыстарының нәтижесінде Риддердегі жылу электр станциясын жөндеу үшін Қаржы министрлігімен және облыстық әкімдікпен бірлесіп Үкімет резервінен қаражат бөлу тетігін пысықталып, 8.3 млрд теңге бөлінді және оны жөндеу үшін 8 мердігер ұйым тартылды. 

12 қыркүйекте Үкімет басшысы жеке меншік қолындағы ЖЭО-ларда міндеттемелер орындалмаса, станциялар мемлекетке қайтарылуы мүмкін екендігін айтқан. Премьер министр 2023-2024 жылдарға арналған нақты жұмыс кестесін белгілеп, оның орындалуын бақылауды талап етті. Міндеттемелер бұзылған жағдайда, станцияларды мемлекет меншігіне қайтарылады.

11 қазанда Риддер ЖЭО-сы коммуналдық меншікке өтетіні белгілі болды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізіп, онда Риддер қаласындағы ЖЭО-ның айналасында қалыптасқан жағдай қарастырылып, осындай шешімге келген.

Сондай-ақ оқыңыз