Жаңалықтар

Жоғарғы cот Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Шухрат Данбайды ақтау үкімінің күшін жойды

Жоғарғы cот Шухрат Данбайды ақтау үкімінің күшін жойды

Қазақстанның Жоғарғы соты Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайды және сатып алу департаментінің директоры Қанат Сейдуалиевті ақтау үкімінің күшін жойды, деп хабарлайды Kursiv.media.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, үкімнің күшін жою туралы шешім 2023 жылдың 10 қазанында шыққан.

2023 жылдың 25 мамырында Атырау қаласының №2 сотының үкімімен Шухрат Данбай, Қанат Сейдуалиев Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсіз деп танылған. Сондай-ақ Атырау облысы прокурорының Данбайға 2 925 918 698 теңге шығынды өндіріп алу туралы азаматтық талабы қараусыз қалды.

Жоғарғы сот алқасы іс материалдарын зерделеп, кассациялық наразылық пен дәлелдерді талқылады.

Нәтижесінде Данбай мен Сейдуалиевке қатысты іс барысында қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдары дұрыс қолданылмағаны белгілі болды, соған байланысты сот актісінің күші жойылады. Бұл жағдайда кассациялық сотқа дейінгі сатыда соттың «Сот үкімі туралы» заң талаптарын сақтамағаны айтылды.

Іс материалдарында 2019 жылдың 31 желтоқсанында «АМӨЗ» ЖШС (жарғылық капиталдың 99,53%-ы «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ атынан мемлекетке тиесілі) консорциумнан (Sinopec Engineering (ҚХР), «Marubeni Corporation» (Жапония), «ҚазҚұрылысСервис» АҚ) кешенді пайдалануға қабылдап алғаны көрсетілген.

Данбай «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры бола тұра, консорциумның екі жылдық кепілдік міндеттемесі болған кезде ақау бар жабдықты ауыстыру және жөндеу жөніндегі шарттарды бөгде кәсіпорындармен жасасқан. Сондай-ақ мердігерден ақауы бар жабдықтың құнын қайтару жөнінде шаралар қабылдамаған, мемлекетке 2 925 918 698 теңге залал келтірген.

Сот ақтау үкімін шығарған кезде мемлекетке шығын келмегенін көрсеткен.

Осылайша, сот алқасы прокурордың талап арызын қанағаттандырды.

«Атырау қаласы №2 сотының 2023 жылдың 25 мамырындағы ақтау үкімі және Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылдың 19 шілдедегі Шухрат Данбай мен Қанат Сейдуалиевке қатысты қаулысы жойылсын. Қылмыстық іс басқа құрамдағы Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жаңа сот қарауына жіберілсін», – делінген Жоғарғы сот алқасының қаулысында.