Жаңалықтар

Ақтөбе облысында сұйытылған мұнай газының тапшылығы жоқ – Роман Скляр

Ақтөбе облысында сұйытылған мұнай газының тапшылығы жоқ


Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Парламент депутаттарының Ақтөбе облысындағы сұйытылған газдың тапшылығына қатысты сауалына жауап берді.

Бұған дейін депутаттар дабыл қағып, Ақтөбеде әр айдың 20-нан кейін сұйытылған газ қоры таусылып қалатынын, жанар-жағармай құю станциялары газды талонмен сатуға мәжбүр болатынын баяндаған.

Парламентарий Ақтөбе облысына сұйытылған газ тиісті көлемде жеткізілмейтініне назар аударып, қажеттілік 16 мың тоннаны құрайтынын мәлімдеген.

«Ақтөбе облысы транзиттік ағынның орталығында екенін ескеріп, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне облыс халқының сұйытылған газға деген сұранысын толық көлемде қамтамасыз етуін тапсыруды ұсынамыз», – деген болатын депутаттар.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Р. Скляр оларға берген жауабында Ақтөбе облысында газ тапшылығының алдын алу бойынша қысқа мерзімді шаралар қабылданып жатқанын жариялады.

«Мәселен, 2023 жылғы қазандағы өнім беру жоспары шеңберінде Ақтөбе облысына 11 036 тонна, қосымша көлем шеңберінде 2 456 тонна бөлінді. Қазан айының қорытындысы бойынша 13492 тонна бөлінді. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында сұйытылған мұнай газының тапшылығы жоқ», – делінген ресми жауапта.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Р. Скляр тілге тиек еткен қысқа мерзімді шаралар қаншалықты тиімді болатыны белгісіз. Белгілісі билік күні бүгінге дейін газ тапшылығы мәселесін шеше алмаған. Өкініштісі, министрлер кабинеті 2022 жылғы 2 қаңтарда Маңғыстауда газ бағасын 120 теңгеден 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етуден басталып, Алматыда тәртіпсіздікке ұласқан шеруден, 5 қаңтарда Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында жарияланған төтенше жағдайдан, тіпті осының салдарынан Президенттің пәрменімен Үкіметтің отставкаға жіберілгенінен де сабақ алмаған сыңайлы.

Мысалы, биыл қыркүйек айында Ақтөбе облысында тағы да сұйытылған газ тапшы болды. Мәселе ушығып кетпесін деп Ақтөбе облысының әкімдігі газ тапшылығына қатысты түсініктеме берді.

Сонда Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізудің 2023 жылғы 3 тоқсанға арналған жоспарына сәйкес Энергетика министрлігі Ақтөбе облысына 33 228 тонна сұйытылған мұнай газын бөлгені туралы ақпарат тарады. (шілде – 10 219 тонна, тамыз – 12 394 тонна, қыркүйек – 10 615 тонна). Бұған қоса ІІМ Полиция департаменті мен ҰҚК Шекара қызметі департаментінің деректері алға тартылып, Ақтөбе облысында газ жабдығымен жабдықталған 52 949 автокөлік тіркелгені, облыс аумағына айына мемлекеттік нөмірмен 4 520, шетелдік нөмірмен 9 369 автокөлік кіріп шығатыны жарияланды.

«Осыған байланысты Ақтөбе облысындағы ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін 16 мың тонна сұйытылған мұнай газы қажет. Облыс аумағында 7 газ толтыру станциясы (оның 4-і – Ақтөбе қаласында және 3-і – Мұғалжар ауданында), сондай-ақ 181 автогаз құю станциясы (оның 88-і – Ақтөбе қаласында және 93-і – аудандарда) жұмыс істейді. Өңірде сұйытылған мұнай газын өндіретін 3 зауыт бар. Атап айтсақ олар – «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және «Gas Processing Company» ЖШС. Газ құю станцияларында кезектің пайда болуына бірнеше фактор әсер етті. «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол мұнай-газ кешенінде жөндеу жұмыстары жүрді. Сұйытылған мұнай газын темір жол көлігімен жөнелту 2023 жылғы тамызда 20%-ға төмендеді. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС компрессордың тоқтауына байланысты, тамыз айында газ өндіру тәулігіне 84 тоннадан 64 тоннаға дейін кеміді», – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері.

Өткен айда Президентке газ саласын реформалау туралы есеп бергенде «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов акционерлік қоғам 2022 жылдан бері Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында 400 млрд теңгенің инвестициялық жобасын жүзеге асырғанын, халық пен бизнес үшін газ бағасын 389 млрд теңгеге субсидиялағанын айтты.

Бұған қоса «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісіне қатысты жобаның іске асырылу барысы мен Қытай Халық Республикасымен жаңа экспорттық келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар газдың ресурстық базасын кеңейту үшін жыл соңына дейін Анабай газ кен орны іске қосылатынын және Придорожное кен орнын игеру жұмысы қолға алынатынын баяндады.

Сөзбен сипаттағанда жағдай жақсы секілді. Ал шын мәнісінде барлығы басқаша. Ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, сұйытылған газды қайда жіберерімізді білмей отырсақ, Үкімет отынның дәл осы түрін шетелге әкетуге шектеу енгізбес еді.

Шектеу деген бер жағы ғой, тыйым салуды айтсаңызшы.

Бұл аз десеңіз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінде экспорттан бұрын ішкі нарық сұранысын жабуға басымдық беруді тапсырмас еді.
Мемлекет басшысының: «Үкіметтен Теңіз кен орны акционерлерімен бірлесіп, 2 млрд текше метр газды экспорттан ішкі нарыққа бағыттау мәселесін пысықтауды сұраймын», – деген сөзі мәселенің қаншалықты өткір әрі өзекті екенін аңғартса керек.

Президенттің Үкіметке Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы жобасын қаржыландыру мәселесін тез арада шешуді тапсыруы да тегін емес.

Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 47%-ы газға қосылмаған. Тұрғындардың газға сұранысы артса, қазіргі жағдайдың шиеленісетіні айтпаса да түсінікті.

Қазақстан әлемдегі табиғи газ ең арзан елдердің бірі деп кеуде керіп мақтануға болады

Алайда арзан газ тапшы болып жатса, құр мақтанғаннан не пайда?

Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22 орында. Ал ТМД-да бізден Ресей мен Түрікменстан ғана озып тұр. Осылай бола тұра біз халықты газбен қамту мәселесін шеше алмай жүрміз.

Сарапшылар 2025 жылға қарай газдың тапшылығы және импорттық ресурстарға тәуелділік пайда болады деп қауіптенеді. Бұған тау-кен металлургия кәсіпорындарының көмірден газға көшуі ықпал етеді деген болжам бар. Тапшылықтың ұлғаюына елімізде сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығының қалыптаспағаны да бірден-бір себеп.

Биыл қаңтар-шілде айларында елімізде 1 млн 450,6 мың тоннадан астам сұйытылған газ өндірілді. Атырау облысы ‒ 899,3 мың, Ақтөбе облысы ‒ 329,4 мың тонна өнім ұсынды. Қалған газды Павлодар облысы мен Шымкент шаһары берді. Осының өзі сұранысты толық қанағаттандырған жоқ.

2025 жылы Атырау, Маңғыстау облыстарында 2 газ өңдеу зауыты іске қосылуы керек. Жоба жүзеге асса, газ тапшылығын айтарлықтай азайтуға болады. Өйткені жоғарыдағы зауыттың бірінің қуаты 119 мың, екіншісінің қуаты 232 мың тоннаны құрауы керек.

2028 жылы Қашаған мен Қарашығанақта 2 газ өңдеу зауытын қолданысқа беру жоспарланған. Барлығы ойдағыдай болса, өндіріс көлемі 1,1 млн тоннаға артады. Аты аталған кен орындары әзірше сұйытылған газды ішкі нарыққа бағыттамайды.

Қалай болғанда да Қазақстанда газ тапшылығы мәселесі өзекті. Мәселе қашан, қалай шешіледі, оны уақыт көрсетеді.