Жаңалықтар

Бензин бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ – Энергетика министрі

Бензин бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ


Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жанар-жағармай нарығындағы ахуалға шолу жасап, журналистердің сұрағына жауап берді.

«Баға белгілеу кезінде біз 2 факторға сүйенеміз: сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы. Осыған байланысты жағдай теңдестірілген. Қазақстанда бензин өндірісінің қажетті көлемі бар. Өндірісті ескере отырып біз ішкі тұтынуды толығымен жабамыз және ішкі нарықты қамтамасыз етеміз. Бензин бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ», – деді А. Сәтқалиев.

Энергетика министрі Атырау мұнай өңдеу зауыты бір ай жөндеуде болғанына назар аударды.

«2 қараша күні Атырау мұнай өңдеу зауыты толық қуатымен жұмыс істей бастайды. Сол кезде мұнай өнімдерін жеткізуді қамтамасыз ету бөлігіндегі жағдай қазіргіден де тұрақты әрі сенімді болады», – деді А. Сәтқалиев.

Министр дизель отыны нарығында да іркіліс жоқ екенін атап өтті.

«Біз ішкі нарықта дизель отынының профицитін болжаймыз. Екінші аспект мемлекеттік реттеумен байланысты. Мұнай өнімдерінің реттелетін түрлері бар. Олар қатаң бақылауға ие. Баға шекті бағадан жоғарыламайды. Бірақ реттелмеген баға да бар. Онда бағаны анықтайтын фактор ішкі өнімдер мен іргелес мемлекеттерден импортталатын арақатынас болады. Егер, импорт көлемі жоғары болса, мұнай өнімдерінің бағасы тиісінше жоғары болады», – деді А. Сәтқалиев.

Айта кетейік, 2023 жылдың 8 айында өзге елдерден елімізге 6,1 мың тонна АИ-95 маркалы бензин жеткізілді. Көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101 есе артық болды.

Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов қазан айында АИ-95 бензиніне сұраныс азайып, жағдай тұрақталатынын мәлімдеді.

Айтпақшы өткен аптада мұнай компаниялары 2024 жылдан бастап бензин мен дизель отынының бағасын көтеруді ұсынды.

Олардың ойынша, Аи-92 маркалы бензин мен дизель отынының бөлшек бағасын литріне 205 және 295 теңгеден 230 және 345 теңгеге дейін, ал қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) жеткізу кезінде шикі мұнайдың құнын тоннасына 95-105 мың теңгеден 135-145 мың теңгеге дейін арттыру қажет