iPhone-ға байлық салығы салына ма – министр жауап берді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

iPhone мен депозиттерге салық салынбайды. Бұл жайлы кулуарда журналистерге Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Егер адам қандай да бір қымбат затты несиеге алатын болса, оған салық салына ма? Мәселен, несиеге iPhone алды делік. Оған сән-салтанат салығы салына ма?» – деп сұрады журналистер.

Қуантыров iPhone-ға байлық салығы салынбайтынын айтты. Яғни бұл байланыс құралы қымбат мүлік боп саналмайды.

«iPhone-ға сән-салтанат салығы салынбайды. Біз мұнда қымбат мүліктер туралы айтып жатырмыз. Мәселен, біреу 200 мың долларға автокөлік сатып алатын болса салық төлейді. Егер біреу 200-300 мың долларға көлік алып, оның құнын жабуға несие алатын болса, ол адам салық төлеуден босатылмайды», – деді министр.

Сонымен бірге министр жаңа кодекстен депозиттерге салық салу жөніндегі түзетулер алынып тасталғанын хабарлады.

«Біз бұл идеядан бас тарттық. Болды. Депозиттерге салық салынбайды»,- деді ол.

Осыған дейін Қуантыров сән-салтанат салығы негізінен қымбат импорттық мүлікке салынатынын айтқан болатын.

«Сән-салтанат салығы негізінен шетелдік мүліктен алынатын болады. Мұндай салық қымбат көліктерге, жекеменшік ұшақтарға, жылжымайтын мүлікке салынады. Жалпы, бұл салықтың сипаты осындай. Бұл негізінен сырттан әкелінетін қымбат мүлік тұтынушыларына қатысты болады. Өте қымбат мүліктердің импорттық заттар болатыны анық. Яғни оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелген кезде, тіркеу барысында жоғары салық салынады», – деді министр.

Бұдан бұрын да ҰЭМ басшысы 6 млн теңгелік Macallan вискиінің мысалында байлық салығы қалай алынатынын түсіндіріп өткен.

Жалпы, сән-салтанат салығына қатысты Дүниежүзілік банк Қазақстан үкіметі байлық немесе мұра салығын енгізу мүмкіндігін қарастыруы керектігін айтқан болатын. Елімізде бірнеше жыл бойы төлем қабілеті төмен халыққа салық салуды азайту мақсатында енгізілетін сараланған салық деп аталатын «сән-салтанат салығын» енгізу мәселесі көтеріліп жүр.

Сондай-ақ оқыңыз