Иранның АҚШ-қа ескертуі: Газадағы геноцидтің соңы жақсылыққа апармайды

Жарияланды
иран
Фото: un.org

Иранның Сыртқы істер министрі Хосейн Әмір-Абдоллахан БҰҰ-ның мінберінде тұрып, АҚШ-қа ескерту жасады. Ол Израильдің «Газа секторы мен Палестинаның Батыс жағалауында соғыс қылмысы мен геноцид жасап жатқанын, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын» мәлімдеді.

Ол АҚШ пен бірқатар еуропалық елдерді Израиль тарапын қолдап, Палестинаның азаттық қозғалысын «терроризмге» теңеп отырғанын айыптады.

«Өкінішке орай, бүгінгі дүниенің келбеті осындай. Әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға тырысуы тиіс Қауіпсіздік Кеңесінің келбеті осындай», – деді ол.

Әмір-Абдоллахан АҚШ-ты адамдарға, әйелдерге және балаларға қарсы соғыспай, бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін жұмыс істеуге шақырды.

«АҚШ Газаға қарсы қолданылатын зымырандар, танктер және бомбалар жіберудің орнына, геноцидті қолдауды тоқтатуы керек. Мен Палестинадағы геноцидке төрағалық етіп отырған американдық мемлекет қайраткерлеріне ескертемін, біз аймақтағы соғыстың етек жайғанын құптамаймыз, бірақ Газадағы геноцид жалғаса берсе, олардың бұл өрттен аман қалмайтынын ескертемін. Бұл біздің үйіміз, ал Батыс Азия – біздің өлке, біз ешбір тараппен немесе партиямен ымыраға келмейміз және үйлерімізді қорғауға келгенде ештеңеден тартынбаймыз», деп баса айтты ол.

Ол сонымен бірге Иранның ХАМАС-пен келіссөздер жүргізіп жатқанын, олардың кепілге алынған бейбіт тұрғындарды босатуға дайын екенін жеткізді. ХАМАС тұтқындағы азаматтарды Израиль түрмелерінде отырған 6 мың палестиналық бостандыққа шыққанда жіберетінін мәлімдеген.

18 қазанда Байден АҚШ-тың «әрқашан Израильді қолдайтынын» мәлімдеді. «Бүгін, ертең және әрқашан»,- деді президент Джо Байден Израильдің Премьер-министр Беньямин Нетаньяхумен кездесуі кезінде.

Ал дәл сол күні жүздеген еврей белсенділері Капитолийдегі Cannon House кеңсесінің ғимаратының алдына жиналды. «Еврей халқы бейбітшілікке үндейді!», «Газа өмір сүрсін!» деген ұранмен келген олар Газадағы гуманитарлық жағдайдың тым қиындап кеткенін айтып, АҚШ Конгресінен соғысты тоқтату туралы резолюция қабылдауды талап етті. Cannon House ғимаратына басып кірген 300-ге жуық адамды АҚШ полициясын қамауға алды.

Еске сала кетсек, 7 қазанда ХАМАС тобы Израиль аумағына шабуыл жасап, нәтижесінде Израиль соғыс жариялады. Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

«Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кепілге алынған адамдарды алдын ала шартсыз дереу босату және гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеуін қолдаймыз», – делінген хабарламада.

Израиль СІМ ХАМАС шабуылына байланысты бір қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен екі қазақстандық туралы хабарлады. ҚР Сыртқы Істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ал Газада қалып қойған қазақстандықтардың туыстары Тоқаевтан көмек сұрады. Олар күнделікті Израиль бомбасы түсіп жатқан елде тірі қалу мүмкіндігі өте төмен екенін айтты. Туыстарының тіпті гуманитарлық көмекті алу үшін көшеге шығуға қорқып отырғанын мәлімдеген олар, президенттің бұл жағдайды шешетініне сенеді.

Сондай-ақ оқыңыз