Балалардың психикалық денсаулығына зиян: АҚШ-тың 42 прокуроры Meta-ны сотқа берді

Жарияланды
Фото:

АҚШ-тың 42 прокуроры бірігіп, Meta компаниясына қарсы федералдық сотқа шағым түсірді. Бұл жайлы Нью-Йорктің бас прокуроры Летициа Джеймс офисінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Летициа Джеймс және 32 бас прокурордан тұратын екі партиялық коалиция жастардың психикалық денсаулығына зиян келтіргені және жастардың психикалық денсаулығының дағдарысына ықпал еткені үшін Meta-ға қарсы федералды сотқа шағым түсірді», делінген баспасөз хабарламасында.

Прокурорлар компания Instagram, Facebook және оның басқа да әлеуметтік медиа платформаларында балалар мен жасөспірімдерді мақсатты түрде тәуелді ететін зиянды мүмкіндіктерді әдейі әзірлеп, енгізді деп айыптаған. Сонымен бірге  Meta-ның федералды заңды бұза отырып, ата-аналарын хабардар етпестен немесе олардың келісімінсіз 13 жасқа толмаған балалардың деректерін жүйелі түрде жинайтыны белгілі болған.

Нью-Йорк прокуроры 32 бас прокурордан бөлек, қосымша тоғыз бас прокурорды бұл іске жұмылдырған. Нәтижесінде олар да өз штаттарында сотқа шағым түсіріп, Meta-ға қарсы шара қолдану үшін бас прокурорлардың жалпы санын 42-ге жеткізген.

«Балалар мен жасөспірімдер арасында психикалық денсаулығы нашарлағандар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Оған Meta сияқты әлеуметтік медиа компаниялар кінәлі. Meta балаларды тәуелді ететін және олардың өзін-өзі бағалауын төмендететін айла-шарғылары бар платформаларды әдейі жобалайды, солайша балалардың осал тұсын өз пайдасына асырады. Әлеуметтік медиа компаниялар, соның ішінде Meta жастардың ұлттық психикалық денсаулығының дағдарысқа ұшырауына ықпал етті. Сол үшін олар жауапкершілікке тартылуы керек. Мен Meta-ның зиянды тактикасын тоқтату және балалардың желіде қауіпсіздігін сақтау үшін әріптестеріммен жұмыс істеп жатырмын», деді Нью-Йорк бас прокуроры.

Сотта Facebook пен Instagram желілеріне иелік ететін Meta компаниясы жас қолданушылардың уақыты мен назарын барынша өзіне аудару мақсатында бизнес үлгілерін зиянды және манипуляциялық мүмкіндіктерді енгізу арқылы жас қолданушыларды өз мүддесіне пайдаланды деп айыптаған.

Meta жас пайдаланушылардың осал тұстарын пайдалана отырып, манипуляциялық функциялар енгізген. Мәселен, пайдаланушыларды платформада ұзағырақ ұстау және мәжбүрлі пайдалануды ынталандыру үшін мазмұнды ұсынуға арналған алгоритмдерді пайдаланған. Жас пайдаланушыларға зиянды екенін біле тұра «Ұнату» және әлеуметтік салыстыру мүмкіндіктерін қосқан. Сонымен бірге жас қолданушыларда дене дисморфиясына ықпал ететін визуалды сүзгілерді пайдаланған және т.б.

Бірқатар зерттеулер нәтижесінде, жастардың Meta платформаларын пайдалануы психологиялық және физикалық зиян тигізетіні анықталған. Соның ішінде оны ұзақ пайдалану депрессия, алаңдаушылық, ұйқысыздық сынды беймаза күйге түсіретіні белгілі болған. Прокурорлар компания балалардың мектептегі және күнделікті өміріне аралсады деп санайды. Сондай-ақ Meta-ның ата-анасының рұқсатынсыз өзінің ең кішкентай пайдаланушыларының жеке деректерін заңсыз жинау арқылы Балалардың Интернеттегі құпиялылығын қорғау туралы заң (COPPA) бойынша өз міндеттемелерін орындамай келген.

Бас прокурор Летициа Джеймстің Meta-ға қарсы федералды сотқа жіберген ісіне Аризона, Калифорния, Колорадо, Коннектикут, Делавэр, Джорджия, Гавайи, Айдахо, Иллинойс, Индиана, Канзас, Кентукки, Луизиана, Мэн, Мэриленд, Мичиган, Миннесота, Миссури, Небраска, Нью-Джерси, Солтүстік Каролина, Солтүстік Дакота, Огайо, Орегон, Пенсильвания, Род-Айленд, Оңтүстік Каролина, Оңтүстік Дакота, Вирджиния, Вашингтон, Батыс Вирджиния және Висконсин, Флорида, Массачусетс, Миссисипи, Нью-Гэмпшир, Оклахома, Теннесси, Юта, Вермонт және Колумбия штатының бас прокурорлары қосылған.

Сондай-ақ оқыңыз