Сән-салтанат салығы негізінен импорттық мүлікке салынады – ҰЭМ

Жарияланды
Сән-салтанат салығы қалай салынады / Фото: primeminister.kz

Сән-салтанат салығы негізінен қымбат импорттық мүлікке салынады. Бұл жайлы Сенатта өткен үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Сән-салтанат салығы негізінен шетелдік мүліктен алынатын болады. Мұндай салық қымбат көліктерге, жекеменшік ұшақтарға, жылжымайтын мүлікке салынады. Жалпы, бұл салықтың сипаты осындай. Бұл негізінен сырттан әкелінетін қымбат мүлік тұтынушыларына қатысты болады. Өте қымбат мүліктердің импорттық заттар болатыны анық. Яғни оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелген кезде, тіркеу барысында жоғары салық салынады», – деді министр.

Сенатта сонымен бірге министрден жаңа Салық Кодексі іске қосылғанда оның ЖІӨ-ге, баға саясатына, инфляцияға, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарларға әсері қандай болатыны туралы сұрады. Қуантыров жаңа салық кодексінің тәуекелдері бар екенін жасырмады.

«Бірнеше тәуекелдері бар. Бірақ ол тәуекелдер төмен. Соның бірі – инфляциялық қысым. Біздің есептеуіміз бойынша, тек бір жылда 1%-дық тармаққа дейін инфляция қысымы болады. ҚҚС-тің 16%-ға өсуі 110-мың салық төлеушіге әсер етеді. Бұл – барлық салық төлеушілер үлесінің 5,5 %-ын құрайды. Сол себепті салықтың жеңілдетілген режимінде көбісі салық төлемейді немесе ҚҚС бойынша 70%-ға дейін жеңілдіктер алады. Яғни макроэкономикаға айтарлықтай қатты әсері болмайды», деді Қуантыров.

Министр жаңа салық Кодексінің идеясы – транспаренттілікті, ашықтықты арттыру, қосымша қаражатты бюджетке қайтару және жинау, салықты әкімшілендіру екенін айтты. Әкімшілендіруді жақсартса, ол мемлекетке қосымша қаражат әкелетінін атап өтті.

Осыған дейін министр жаңа кодекс бойынша заңды тұлғалардың толықтай цифрлы төлемге көшірілетінін айтқан. Сонымен бірге жаңа Салық кодексі үш принципке негізделетінін атап өтті.

«Біріншіден – салық салу базасы кеңейтіледі, екіншіден – транспаренттілік, үшіншіден – халықаралық стандарттарға сай болу. Халықаралық стандарттарға сәйкес табысы жоғары салалардың салық жүктемелері артатын болады. Оның ішінде дәулеттілерге салынатын байлық салығы да бар. Сонымен бірге қосымша құн салығы да артады.Осы орайда салық жеңілдіктерін де талдап жатқанымызды айта кеткім келеді. Өкінішке қарай бұл жеңілдіктердің көбісі тиімсіз болып шықты. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата да айтты. Жалпы біз Салық кодексін өзгерту арқылы төлеушілер үшін де, салық жинайтын орган үшін де салық төлеуді, жинауды жеңілдетуді көздейміз. Осыны ескере келе мұның ауқымды жұмыс екенін және бұл бағытта асығыстық танытқан дұрыс емес деп санаймын», деді министр.

Ал сән-салтанат салығына қатысты Дүниежүзілік банк Қазақстан үкіметі байлық немесе мұра салығын енгізу мүмкіндігін қарастыруы керектігін айтқан болатын. Елімізде бірнеше жыл бойы төлем қабілеті төмен халыққа салық салуды азайту мақсатында енгізілетін сараланған салық деп аталатын «сән-салтанат салығын» енгізу мәселесі көтеріліп жүр.

Өз кезегінде ҰЭМ басшысы 6 млн теңгелік Macallan вискиінің мысалында байлық салығы қалай алынатынын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, Үкімет осыған дейін қазақстандықтардың меншігінде қанша яхта, ұшақ, қымбат автокөлік бар екенін хабарлаған. Байлық салығы осыларға салынатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз