«ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында болған апаттан 11 адам опат болды

Жарияланды
Костенко шахтасында болған апаттан 11 адам опат болды

Бүгін «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты Костенко атындағы шахтада өрт болып, 11 адам көз жұмды.

 Таңертеңгі сағат 9-дағы жағдай бойынша 18 адам ауруханаға жатқызылған.

Болған қайғылы оқиға жайлы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев facebook парақшасында хабарлады.

«Шахтаға келген сәттен бастап менің басшылығыммен жедел штаб құрылды, оның құрамына жауапты адамдар мен әріптестерім кірді. Оқиға орнында 40 құтқарушы, 10 бірлік техника және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына көмек көрсететін 3 психолог жұмыс істеуде. Сенім телефондары жұмыс істейді: (8-7172) 49-72-70, (8-7212) 51-72-23. Қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Біз сіздермен бірге боламыз және осы қиын күндерде сіздерді қолдаймыз», – деп жазды облыс әкімі.

Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болды, жер бетіне 205 шахтер шығарылды.

Штаб құрылды. Кеніште Қарағанды ​​облысының әкімі, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары, Қарағанды ​​облысының прокуроры, арнайы құқық қорғау органдары орналасқан.

«Костенко атындағы шахтада апат болған кезде 252 адам болды, 205 кенші жер бетіне шығарылды. 7 кеншінің мәйіті тіршілік белгісінсіз табылды. Апат орнында PVASS құтқарушылары жұмысын жалғастыруда. Болжам бойынша, лавада газ метанының жарылысы орын алған»-делінген компания баспасөз қызметінде.

Костенко атындағы шахтасы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі. Сонымен қатар компания Теміртаудағы металлургия комбинаты мен қаладағы инфрақұрылым нысандарына иелік етеді. «АрселорМиттал Теміртауды» миллиардер Лакшми Миттал басқарады.

Айта кетейік, бұған дейін АрселорМиттал Теміртауға қарасты «Қазақстан» шахтасында ғы өрт бір жыл бойы сөндірілуі мүмкін деп хабарлаған болатынбыз.

Еске сала кетсек, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Шахтада 227 адам болған. 222 адам оқпан арқылы жер бетіне шығарылды. Кеншілердің 13-і жарақат алса, бес адам қаза тапты. Олардың ең кішісі 27 жаста, ең үлкені 58 жаста болған.

Естеріңізде болса, жақын күндері «Қазақмыс» кенішінде алты жұмысшы зардап шекті деп хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз