Жаңалықтар

АрселорМиттал Теміртау-да меншік иесі ауысқанымен, компания апат үшін жауапкершіліктен жалтара алмайды – Бөлекпаев

Бөлекпаев АТМ жауапкершіліктен жалтара алмайтынын мәлімдеді / Фото: kursiv.media

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «АрселорМиттал Теміртау» иесі ауысқанымен компания болған апаттар үшін жауапкершіліктен қаша алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Костенко шахтасындағы апатқай байланысты өткізілген брифирнг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, кәсіпорын жұмысшыларының алдындағы міндеттемені орындаудан да компания жалтарып кете алмайды.

«Меншік иесінің ауысуы ұжымдық келісім-шарт аясында компания міндеттемелерін орындау жөніндегі жауапкершіліктен толықтай босатады деген алып-қашпа сөздерді жоққа шығарғым келеді. Меншік иесінің ауысуы еңбек ақының көлеміне және кәсіпорын жұмысшыларының алдындағы әлеуметтік міндеттемелерге ешбір әсер етпейді», деді Бөлекпаев.

Айтуынша, бұл шахтада 1400 ден аса адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының инвесторлары ауысқан жағдайда не өзгереді деген сауалға, Қарағанды облысының әкімі Үкіметтің кезек күттірмей орындалуы тиіс бірқатар талабы барын айтты.

«Болат департаментінің комбинатында және көмір департаментінде өндіріске инвестиция салу – бұл бірінші талап. Сонымен қатар негізгі қорларды жаңарту соның ішінде бірінші орында қауіпсіздік мәселесі…Компанияның жаңа иесі кім болатыны болашақта анықталады. Бұл талап сол жаңа иесіне қойылатын болады», деді Бөлекпаев.

Костенко шахтасында 2018 жылы өрт шыққан, ол кезде адам шығыны және зардап шеккендер болмаған екен. Бөлекпаевтың дерегінше, Өндірістік қауіпсіздік департаменті шахтада жоспарлы тексеруді әлі де жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, компанияға экологиялық аудит жүргізілген, бірақ қорытындысы әлі шығарылмаған.

Еске салайық, Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.

Жақында « «ArcelorMittal Temirtau» компаниясының меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға беріледі. Бұл жайлы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлім етті.

Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, 2022 жылы шахтада 171 нысан тексеруден өткізіліп, 212 кемшілік анықталған және оның біреуінен басқасы түзетілген.

«Алайда, бұл кемшіліктер осы апатқа түрткі болды ма деген сауалған жауап беру қазір қиын. Өйткені мемлекеттік комиссия қажетті экспертизаны жүргізуі тиіс. Тек сол экспертизаның нәтижесінде ғана бұл апатқа не себеп болғанын анықтауға болады», деді Шәріпханов.

Министрдің дерегінше, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 1727 құралды жаңартуы керек болған. Осы жоспар бойынша жұмыстың 57%-ы атқарылған. Жылдың аяғына дейін осы жұмыс атқарылуы керек.

Еске сала кетсек, бүгін түнде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Құтқару жұмыстары қашан тоқтайды. Облыс әкімі Ермағанбек Бөлекпаевтың дерегінше 33 адам опат болған, тағы 13 кеншіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов, кеншілердің өзін-өзі құтқару құрылғыларының күші тек бір сағатқа жететінін айтып, оларды тірі құтқару мүмкіндігі өте аз екенін жеткізді, дегенмен соңғы сәтке дейін үмітті үзуге болмайтынын айтты.

«Тау-кен құқтқарушылар, соңғы тірі адамды немесе соңғы денені тапқанша іздестіру жұмыстарын тоқтатпайды», деді ТЖМ басшысы.

Апатқа не себеп болды. Костенко шахтасында лавада газ метанының жарылысы болғаны хабарланған еді.

«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары. Геннадий Силинскийдің сөзінше, 28 қазан күні түнде шахтада 48 К-3 Батыс лавасында 42-45 секциялар арасында өрт шыққан. Барлығы 149 секция болған.

«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтінің құтқарушылары шақырылып, апатты жою жоспары екнгізілген. Адамдарды шахтадан шығару мақсатында оларға хабар беріле бастады. Осыдан кейін 7-8 минуттан кейін шахтаның апат учаскесінде жарылыс болған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық батыс және шығыс блоктарында телекоммуникация шықты. Жарылыс толқыны тек апат учаскесін ғана емес, шығыс блоктағы К-2 лавасын да шарпыды. Жарылыс толқынының таралу ұзақтығы 2 шақырымнан асты», деді Геннадий Силинский.

Осыдан кейін, шахтада адамдарды іздеуге жіберілген бірінші бөлімше бірнеше жерде өрт шыққанын хабарлаған. Сондықтан, ең алдымен жоғалған адамдарды іздестіруге барлық күш жұмылдырылыпты.

«Біздің филиалымыз 5 адамды шығарды, оларға алғашқы көмек көрсетіліп, медицина мекемесіне жіберілді. Өкінішке орай, өзге шахтерларға біз ешқандай көмек көрсете алмадық. Шахтада әр жерде шыққан өрт сөндірілді. Қазіргі таңда іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Шахтағы газ жағдайы бақылауда тұр. Метан мен ауа қоспасының жарылуы салдарынан жарылатын өнімдерге дүмпу толқынының тиюі осының барлығы көп адамның опат болуына әкеліп соқты», деді Силинский.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өкілдері брифингке қатысқан жоқ. Тек, ресми сайтында апатқа қатысты ұдайы ақпарат таратумен шектелді. Соның ішінде көмір департаментіндегі шахталардың жұмысы бірнеше тәулікке тоқтатылғанын хабарлады. Осы уақыт аралығында газ қорғанысы тексеруден өткізіледі.