Қаза тапқан кеншілердің отбасына ай сайын жәрдемақы төленеді

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

«ArcelorMittal» шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасына ай сайын 400-500 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленіп отырады. Бұл жайлы жедел штаб отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

«Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс«, – деді Жақыпова.

Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы мәлімет берді.

Медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатыр. Әртүрлі деңгейде газбен уланғандар токсикология бөлімшесінде ем алуда. Медициналық көмек көрсетуге барлық дәрігер жұмылдырылды, – деді ол.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.

Еске сала кетсек, бүгін түнде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Президент «AрселорМиттал Теміртауды» елдің ынтымақтастық тарихындағы ең нашар компания болғанын айтты. 

Сонымен бірге мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысына барып, қазақ тапқан кеншілерідің отбасымен кездесті. Бұл қайғылы оқиғадан соң, президент 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Осыған дейін Үкімет үйінің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Қазақстанның меншігіне берілетінін хабарлаған болатын.

«Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып қалғанын хабарлаймыз», делінген хабарламада.

«ArcelorMittal Temirtau» өз кезегінде компанияның меншік құқығы Қазақстанға берілетінін растады.

«Қазақстан үкіметі бүгін хабарлағандай, екі тарап «ArcelorMittal Temirtau» компаниясының болашағын талқылады және жақында Қазақстан Республикасына меншік құқығын беретін мәміле туралы келісімге алдын ала қол қойылғанын растайды. ArcelorMittal үзілістерді азайту үшін осы транзакцияны мүмкіндігінше тезірек аяқтауға міндеттенеді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайыловтың өзі басқарады.

Премьер-министрдің төрағалық етуімен құрылған комиссия құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.  

Сонымен бірге шахтада болған апатты Бас прокуратура тексереді. Шахтадаға қайғылы оқиғадан кейін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.      

Сондай-ақ оқыңыз