Қазақстан тарихындағы ең нашар компания: Тоқаев АМТ-ға жаңа басшы тағайындады

Жарияланды
ТЖМ хабарлауынша қазіргі уақытта шахтадан 28 адамның денесі табылған / Фото: kursiv.media

Президент «AрселорМиттал Теміртауды» елдің ынтымақтастық тарихындағы ең нашар компания болғанын айтты. Бұл жайлы Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» шахтасында болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарымен кездесу барысында айтты.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге президент бүкіл еліміз бойынша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейтіні айтқан ол, облыс әкімінің орынбасары Вадим Басиннің кәсіпорынға басшы боп келетінін айтты.

«Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен бірге жер астында қалған кеншілерді құтқаруға қажетті шаралар жасалып, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтті. Президент бұл шаруалармен өзі айналысатынын жеткізді.

«Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы сонымен бірге шахтерлердің зейнетке шығу жасы үкіметте талқыланып жатқанын да айтты.

Кеншілердің құтқару мәселесіне келер болсақ, ТЖМ-ның хабарлауынша қазіргі уақытта шахтадан 28 адамның денесі табылған.

«Сағат 15.00 жағдай бойынша 28 адамның денесі табылды, 18 кеншіні іздеу жалғасуда.
«АрселорМитталТеміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтадағы авариялық-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бүгін түнде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайыловтың өзі басқарады.

Премьер-министрдің төрағалық етуімен құрылған комиссия құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.  

Сонымен бірге шахтада болған апатты Бас прокуратура тексереді. Шахтадаға қайғылы оқиғадан кейін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.     

Сондай-ақ оқыңыз