«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Қазақстан меншігіне өтуі мүмкін

Жарияланды

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Қазақстан Республикасының пайдасына беріледі / Коллаж: kursiv.media

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Қазақстанның меншігіне беріледі. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып қалғанын хабарлаймыз», делінген хабарламада.

Сонымен бірге баспасөз қызметі «Костенко» шахтасындағы апаттың себептерін анықтау үшін құрылған комиссияны премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі басқаратынын хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында орын алған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылған.

Оған Смайылов төрағалық етеді. Ал құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.

«Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізілетін болады. Сонымен қатар келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады», делінген хабарламада.

Осыған дейін Әлихан Смайылов компанияның өз уәдесін орындамағанын, сол себепті компанияның Қазақстанда қалу перспективасы жоқ екенін айтқан болатын.

«Қазір осы кәсіпорынның иесін өзгерту туралы мәселе туындайды. Біз қазірдің өзінде Миттал және оның адамдарымен тиісті келіссөздер жүргізіп жатырмыз. бұл мәселе қазірдің өзінде түпкілікті шешіледі. Сондықтан бұл инвестордың Қазақстанда қалу перспективасын көріп тұрған жоқпыз», – деді Смайылов.

Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеген болатын.

Еске сала кетсек, бүгін таңертең «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Жарылыс салдарынан 16 адам қаза тапты. Ал 18 адамды құтқарушылар іздестіріп жатыр.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз