Костенко шахтасындағы жарылыс: қаза тапқан кеншілер саны 16-ға жетті, 31 адам іздестіріліп жатыр

Жарияланды
16 кенші қаза тапты. Құтқарушылар 31 адамды іздестіріп жатыр / Коллаж: kursiv.media

«ArcelorMittal» компаниясына тиесілі «Костенко» атындағы шахтадағы жарылыс салдарынан қаза тапқан кеншілердің саны 16-ға жетті. Бұл жайлы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«252 адамның 205-і жер бетіне шығарылды, оның 18-і медициналық көмекке жүгінген. 31 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасуда. Тіршілік белгісі жоқ 16 кенші табылды. Апат орнында PVASS құтқарушылары жұмысын жалғастыруда. Штаб жұмыс істеп тұр», делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, бүгін түнде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Мұндай қайғылы оқиға «ArcelorMittal» компаниясына қарасты шахтада бірінші рет болып тұрған жоқ. Компаниясының салғырттығынан 17 тамыз күні «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Шахтада 227 адам болған. 222 адам оқпан арқылы жер бетіне шығарылды. Кеншілердің 13-і жарақат алса, бес адам қаза тапты. Олардың ең кішісі 27 жаста, ең үлкені 58 жаста болған.

Осы оқиғадан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындардағы апаттардың жалғасуы оның инвестициялық және басқа да міндеттемелерінің өрескел бұзылғанын көрсетеді, оның кейіннен Қазақстан нарығында болуы үшін тиісті салдары бар» деп мәлімдеді.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты. Оның айтуынша, бұған дейінгі апаттардан кейін басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген. Алайда келісімді толық көлемде орындамаған.

«Қазір осы кәсіпорынның иесін өзгерту туралы мәселе туындайды. Біз қазірдің өзінде Миттал және оның адамдарымен тиісті келіссөздер жүргізіп жатырмыз. бұл мәселе қазірдің өзінде түпкілікті шешіледі. Сондықтан бұл инвестордың Қазақстанда қалу перспективасын көріп тұрған жоқпыз», – деді Смайылов.

Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеген болатын.

Жақында «AMANAT» партиясының депутаты Никита Шаталов премьер-министр Әлихан Смайыловтан «Қазақстан» шахтасындағы жағдайды үкімет бақылауынан шығармауды әрі «АселорМиттал Теміртаудың» басшылығын заң негізінде жауапқа тартуды сұрады.

«Бұл «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарындағы бірінші апат емес. Өкінішке қарай, қоғам бүгінде шын кінәлілердің жауапқа тартылатынына сенбейді. Көп жағдайда, жауапкершілікке жәй орындаушылар тартылып жатады, шын мәнінде осындай апатқа ұшырататын шешімдерді басшылық қабылдайды», – деді Никита Шаталов.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, кінәлі адамдар тізімінде АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра мен Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.

Ал 11 қазан күні «Қазақстан» көмір кенішінде температура көтеріліп, шахтадағы барлық қызметкерлер жер бетіне эвакуацияланды.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат балқыту жөніндегі халықаралық ArcelorMittal концернінің бөлігі болып табылады. Компанияның Қазақстандағы 15 көмір және темір рудалары бар.   

Сондай-ақ оқыңыз