«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының «Костенко» шахтасындағы өрт кезінде жоғалып кеткен соңғы кенші іздестіріліп жатыр. Қаза болған кеншілердің денесін тану үшін генетикалық сатаптама жасау қажет болуы мүмкін. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова хабарлаған.
«Жоқ, олар әлі 46-шы кеншіні тапқан жоқ. Қазіргі уақытта 45 кеншінің мәйіті табылды», – деді Дәуренбекова дүйсенбі күні агенттікке.
Оның айтуынша, марқұмдардың бәрінің кім екені, аты-жөні анықталмаған, сәйкестендіру үшін ДНҚ тесті қажет болуы мүмкін.
Бұған дейін Костенко шахтасында опат болған 5 кеншінің ғана аты-жөні жарияланған. Мамандар басқаларының кім екенін анықтау мүмкін емес деген еді.
28 қазанға қараған түні Костенко шаөтасында өрт шығып, артынан жарылыс болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, олардың көпшілігі жер бетіне шығарылған. ТЖМ 45 кеншінің опат болғанын растап, 1 адам іздестіріліп жатқанын хабарлады.
Сенбі күнгі апаттан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке ArcelorMittal Temirtau компаниясының қазіргі акционерлерімен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ халықаралық ArcelorMittal болат концернінің бөлігі және Қазақстандағы 15 көмір кеніші мен темір рудасына иелік етеді.